ӘБУ АБДАЛЛАҺ МҰХАММЕД ИБН БАТТУТА (24.2.1304, Танжер қ. — 1377, Фес қ. қазіргі Марокко) – араб саяхатшысы. Оның Қырым мен Алтын Орда иеліктерінде болып, жазған мақалалары, Өзбек ханның сарайы туралы хабарламалары түрік халықтарының тарихы үшін өте құнды деректер. Ол 30 жыл бойы саяхат жасаған (1323—53). Арабияда (Сауд Арабиясытүбегінде), Египетте, Иранда, Кіші Азия түбегінде, Орталық Азия мен Ауғанстанда, Үндістанда, Индонезияда, Қытайда, Суданда, Испанияда, Қырым мен Ресейде болған. Оның Қырым мен Алтын Орда иеліктерінде болғаны туралы мақалалары, Өзбек ханның сарайы туралы хабарламалары түрік халықтарының тарихы үшін өте құнды деректер. Деректердің бірінде Өзбек ханның әйелі грек ханымына еріп Константинополь қ-на барған сапары жайлы және саяхатшының сол қаланы толық баяндағаны жазылады. Батуттаның Иранға жасаған саяхаты жөніндегі әңгімесі Хулагу әулеті билеген Иранның жағдайын көрсетеді. Үндістанда болғанын түгел суреттеп жазған еңбегі (ол Дели сұлтаны Мұхаммед Тұғлақтың сарайы жанында сот болып қызмет істеген) ерекше назар аударарлық. Одан кейін ол мұсылман Испаниясында (1349 — 52) болды. Оның 1352 — 53 ж. Батыс және Орталық Суданға жасаған саяхаты туралы есебі өте бағалы. Батутта Мали мемлекетін және Батыс Африканың оған жапсарлас жатқан өлкелерін тұңғыш рет (Еуропа саяхатшыларына дейін) түбегейлі баяндап берді. Өмірінің аяғына дейін ол Мароккода тұрған.