ӘБУСЕЙІТОВ СУАТ ӘУЕЗБЕКҰЛЫ,(4.11.1929, қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы — 7.11.1992, Алматы) — әнші, Қазақстанның халық артисі (1981).Алматы консерваториясын (А.М. Кургановтың класы бойынша) бітірген (1949). 1949 — 55 ж. “Қазақфильмде”, 1955 — 63 ж. Қазақ ән-би ансамблінде, 1963 жылдан Қазақ телевизиясы мен радиосының эстрадалық оркестрінде әнші болды.Әбусейітов әншілік өнерде өз орындаушылық мәнерін танытты. Оның орындауындағы “Екі жирен” немесе “Жеңеше” әндері ешбір әншіге ұқсамайтын бояу-нақысымен есте қалды. Әбусейітовтің репертуарында Қазақстан композиторларының “Тербеледі тың дала”, “Алатау”, “Баянауыл”, “Ауылым”, орыс классиктері П.И. Чайковскийдің, Н.А. Римский-Корсаковтың романстары болды.1957 ж. Мәскеуде өткен Дүние жүзі жастары мен студенттері фестивалінің лауреаты. “Құрмет белгісі” орденімен марапатталған.