ӘБЕСТІК - өрескелдік, қателік, ағат айтылған сөз, білместікпен жасалған іс-әрекет. Әбестік күнделікті өмірде ерсі, оғаш қылық ретінде адамның кісілік қасиетіне сын болып тағылады. Мұндай сипаттар зиянсыз, зілсіз болса да сырт көзден тыс қалмайтын ұнамсыз жәйт болып саналады. Кейде ол күлкі де тудырады. Қоғамда қалыптасқан адамгершілік-этикалық өлшемдерге байланысты әбестік туралы түсінік те өзгеріп отыруы мүмкін. Мысалы, өткен кеңес дәуірінде Құдайға сену — зиялы қауым үшін әбестік болып көрінсе, бүгінгі күнде ол адамның имандылығын көрсететін белгі саналады. Қазақ ұғымында нарықтық экономикадан бұрын сауда жасау да әбестік болып көрінетін. Әбестікті қоғамдағы этикалық өлшемдерге сәйкес реттеп, жағымды сипат-қасиеттерді қалыптастырып отыру әлеуметтік ортадағы тәлім-тәрбие істерінің мақсатты жүргізілуіне байланысты.