ӘБДІҒАППАР ЖАНБОСЫНҰЛЫ(1870; бұрынғы Торғай облысы Торғай у. Қараторғай облысы — 21.11.1919, сонда) қазақ халқының — 1916 — 17 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыстың Торғай даласындағы басшысы. Тілеулі батырдың ұрпағы. Арғы атасы Нияз би — Абылай ханның сенімді серігі, әкесі Жанбосын (1847 — 95) көп жылдар болыс болған. Анасы — Алуа Ақтасқызы (1840 — 1934) (Ақтас — Ахмет Байтұрсынұлының әкесінің ағасы). Әбдіғапар ауылында бастауыш мектеп ашқан. Ағаштан ою ойған шебер болған, суармалы егіншілікпен айналысқан, ақыл-парасатымен ел ағасы атанған. 1916 жылдың жазында Қараторғай болысының, кейін бүкіл Торғай уезінің көтерілісшілері Әбдіғапар маңына топтасты. Сол жылғы 21 қарашада Жалдама өз. бойында 13 болыс ел өкілдерінің құрылтайы Әбдіғапарды хан көтеріп, Кенесары қолбасшыларының бірі Иман батырдың немересі Амангелдіні Сардарбек етіп сайлады. Әбдіғапар ел билігін соғыс жағдайына бейімделген дала демократиясы негізінде қайта құрды. Алдымен Әбдіғапар өзін хан деп атамай, әмір деп есептеді. Ол өзі басқарған Торғай елін бүкіл қазақтың тәуелсіз мемлекеті құрылғанға дейін метрополияның билігін мойындамайтын, жаугершілік заманда уақытша өмір сүруге құқылы автон. аймақ деп санады. Әбдіғапар көтерілісшілерді 20 адамнан тұратын халық өкілдерінің кеңесі арқылы басқарды. Бұл кеңес әскери, әкімш., шаруашылық мәселелерін шешетін басшы орталық болды. Жергілікті жерлерде Әбдіғапардың жарлығымен елбегілер сайланды. Көтерілісті жақтаған болыстар өз орындарында қалдырылды. Көтерілісшілер ежелгі шығыс дәстүрімен ондық, жүздік, мыңдықтарға жіктелді. Әбдіғапар жасақтаған әскери құрылым империяның қарулы күштеріне аса тегеурінді қарсылық көрсетті. Оның қоластына Қазақстанның көптеген аймақтарынан көтерілісшілер жасақтары келіп қосылды. Сөйтіп Торғай өлкесі Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың ең ірі орталығына айналды. Әбдіғапар Кеңестердің Торғай облысы І-съезіне (Орынбор, 1918 ж. наурыз) қатысып, кейін Кеңес өкіметінің саясатын жүргізуден бас тартты. Қызыләскерлер қолынан Зәуре қаласында қаза тапты. Ұрпақтары “хан тұқымы” ретінде аяусыз қуғынға ұшырады.