ӘБДІРАШЕВ ЖАРАСҚАН (7 наурыз 1948 жыл, Арал ауданы, Қызылорда облысы, Аманөткел ауылы) — қазақ ақыны, сыншы, аудармашы, сықақшы. ҚазМУ-ды 1969 жылы бітірген. 1969 жылы «Лениншіл жас» газетінің әдебиет пен өнер бөлімі; 1969-1970 жылдары «Қазақ əдебиеті» газетінің сын бөлімін басқарған; 1970-1974 жылдары «Жалын» альманағының сын және поэзия бөлімін басқарған; 1974-1985 жылдары «Жұлдыз» журналының сын жəне библиография бөлімінің меңгерушісі; 1989-1992 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Көркем аударма жəне əлемдік əдебиеттер байланысы бас редакциясы Төрағасының орынбасары; 1992-1997 жылдары «Тамаша» сатиралық телехабарының Бас редакторы болды. Алғашқы жинағы — «Тұңғыш кітап» 1969 ж. жарық көрді. Замандастарымыздың жан дүниесіндегі жарқын қасиеттері, адамгершілік, ұрпақ борышы айшықты өрнектелген «Ақ қайран» (1970), «Найзағайлы жаз» (1971), «Саяхат» (1972), ұлттық ой-сана тұрғысындағы тосын тұжырым-толғамдар ашылған «Дала, сенің ұлыңмын» (1975), «Соғыстан соң туғандар» (1977,1993), «Перзент парызы» (1980), «Сана соқпағы» (1988), «Әзілің жарасса» (1989) кітабы, қазақ балалар әдебиеті мәселесі көтерілген «Парасат пен парыз» (1973) әдеби.-зерт. еңбегі жарық көрді. Əбдірашев үнді ақыны Р.Тагордың (1969 жыл), француз ақыны П.Элюардың (1972 жыл) белорус ақыныЯ.Купаланың (1982 жыл), палестиналық ақын М.Бсисудың(1981 жыл) таңдамалы өлеңдер жинағын, балалар ақындары К.Чуковскийдің «Дəрігер Айболит», А.Бартоның «Ойыншықтар», «Өсіпкелем» сияқты туындыларын аударған. Сондай-ақ, А.С.Пушкиннің,А.Блоктың, Г.Гейненің таңдамалы өлең кітаптарын аударуға ат салысқан. Сонымен бірге Б.Окуджаваның, Е.Евтушенконың, Р.Рождественскийдің жəне басқалардың шығармаларын тəржімалаған. Ә. Қазақстан Жазушылар одағының М.Жұмабаев атынд.сыйлығының алғашқы лауреаты.(1989).