ӘБДІРАХМАНОВ ҚАЙДАР АЙТЖАНҰЛЫ (10.5.1936 жыл, Ақмола облысы Атбасар ауданы) — ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы (1983), профессор (1985). Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген (1958).1958 — 1995 жылы Қазақстан Ғылым Акедемиясының Геология ғылымдар институтында инженер, аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі болды. 1996 жылдан “Казнедра” ғылыми-өндірістік бірлестігінде департамент директоры. Ә. Көп циклді иілімді атыраптардың гранитоидты жыныстарының қалыптасуының формациялық-петрохимиялық теориясын жасады, оның негізінде граниттерді 12 петрохимиялық түрге жіктеді. Порфирлі жыныстардың сілтілігі пен қышқылдығының арасындағы кері корреляттануды анықтау негізінде колчедан-полиметаллкендерінің қалыптасу ерекшеліктерін тапты.Темір, марганец, полиметал кендерінің түзілуіндегі көлденең және тік бағытты минералды-геохимиялық белдемділікті ашты. Геология және металлогения саласындағы іргелі теория зерттеулері Қазақстанның Солтүстік Балқаш, Кіндіктас — Шу — Іле аймақтарындағы кендерді болжамдауға және игеруге негіз болды.