ӘБДІКОВ Төлен (4.9.1942 ж.т., Қостанай обл. Жангельдин ауд. «Еңбек» а.) – жазушы. 1965 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (бұрынғы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті)нің филология факултетін бітірген. 1965 - 1970 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. 1970 - 1977 жылдары «Жалын» альманағында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары. 1977 - 1979 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында бас редакторы, Қазақстан КП ОК-інде нұсқаушы, сектор меңгерушісі, онан кейінгі кездері «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының 2-хатшысы болды. 1994 ж.ҚР Президентінің көмекшісі болып тағайындалды. 1997 жылдан ҚР Президенті әкімшілігінде ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Ә-тің «Райхан» атты тұңғыш әңгімесі жас жазушылардың «Таңғы шық» әңгімелер жинағында (1964) жарияланды. Сонан бергі кезеңде «Көкжиек» (1969), «Күзгі жапырақтар» (1971), «Ақиқат» (1974), «Айтаылмаған ақиқат» (1980) атты әңгімелер мен повестер жинақтары, Қазақстандағы ұжымдастыру науқанының қасіретін суреттеуге арналған «Өліара» (1985), «Ақшоқыда қыс қатты» (1987) романдары, таңдамалы шығармаларының бір томдығы жарық көрді. «Біз үшеу едік» атты драм. Шығармасы Ғ.Мүсірепов атынд.Жастар және жасөспірімдер театрында қойылды. Ә. Шығармалары адам мінезінің құпия сырларына үңілуі, өмірдің мән-мағынасына филос. тұрғыдан қарауымен ерекшеленеді.