ӘБДУЖӘЛЕЛОВ ФАЗЫЛ (1913 — 1974) — ноғай қаламгері, қазіргі заманғы ноғай әдебиетінің негізін салушылардың бірі. Ол шығармашылық жолын өлең, әңгіме жазудан бастап, ірі прозалық туындылар жасауға көшті. Оның “Жеңілген жаулар” пьесасы (1936) мен “Көптің ішіндегі екеу” повесі ноғай әдебиетіне қосылған зор үлес болды. Әбдужәлелов ноғай әдебиетіндегі ірі эпик. жанрлардың қалыптасып, дамуына үлкен еңбек сіңірді. Оның “Асантой” повесінде (1955) ноғай халқының аянышты тұрмысы мен аяусыз қанауға қарсы үні көрініс берсе, “Қатты ағын” (1960), “Ұжымның егіндігі жақсы” (1966) романдарында ноғай ауылдарындағы ұжымдастыру қамы, ал “Мықтылар әулеті” (1950), “Әкесінің баласы” (1968) повестерінде халықтардың фашизммен күресі шынайы суреттеледі. Ноғай халқының қазіргі тұрмысы мен қажырлы еңбегі, мәдени өмірі “Шұғыл бұрылыстар” (1961), “Жақсы нышан” (1962), “Ақсу жағасында” (1962), “Жолдар, жолдар…” (1964), “Көктем келгенде” (1967), “Сұр тозаң” (1970) повестерінде жан-жақты қамтылған. Отанды сүю, халықтар достығы, ерлік дәстүрі, замандастарының қажырды еңбегі, бейбітшілік үшін күрес — Әбдужәлеловтің “Кубань шулайды” (1955), “Кубань — менің әнім” (1957), “Қалам қайралғанда” (1969) атты жыр жинақтарының негізгі тақырыбы болды.