АЯҚҚҰЙРЫҚТЫЛАР (Collembola немесе Podura) – төменгі сатыдағы қанат сыз жәндіктер класс тармағының бір отряды. Кейде айрықша класс ретінде саналады. Жер шарында кең тараған, 3,5 мыңдай түрі белгілі. Топырақ астында, өсімдіктердің арасында тіршілік етеді. Дене тұрқы ұсақ, 2 мм-ден 10 мм-ге дейін, пішіні ұзынша, сопақ немесе домалақ болады. Топырақ астында тіршілік ететін түрлерінің түсі солғын бозғылт, топырақ бетінде, шөп арасында тіршілік ететін түрлері қара немесе шұбар түсті келеді. Көпшілігінің тыныс алу жүйесі дамымаған. Ауыз мүшелері кеміруге не тесіп соруға бейімделген. Құрсағының астыңғы жағында ерекше қозғалу органы – секіру аппараты орналасады (отрядтың “аяққұйрықтылар” деп аталуы содан). Протометаболия жолымен дамиды, яғни жұмыртқадан шыққан жас жәндіктің сырт пішіні ересек аяққұйрықтыларға ұқсас болады. А. – органик. заттарды қара шіріндіге (гумусқа) айналдыруда үлкен рөл атқарады, кейбір түрлері өлексемен қоректенеді. А. арасында а. ш-ның зиянкестері де кездеседі