АЯЗҚАЛА — Кушан мәдениетіне жататын бекіністер шоғыры. Арал т-нен 200 км жерде, Әмударияның оңт. жағалауындағы Аязқала деп аталатын шоқының етегінде орналасқан. Алғаш 1939 — 40 ж. Хорезм археол. экспедициясы (С.П. Толстовтың жетекшілігімен) зерттеген. Осы топқа жататын көптеген мекендердің ішінде үшеуі ерекше көзге түседі. Олардың алғашқысы А.-3 бекінісі. Ол көне Хорезм қ-ның қабырғаларынан кем түспейтін, мұнаралары мен шым-шытырық жолдары көп, мықты қабырғамен қоршалған. Бекіністің ішкі жағында кең сарайлардың орны сақталған. Осыған ұқсас үлкен мекенжай қоныстардың солт-батыс бұрышында да орналасқан. Бұл — Кушан дәуірінде (б.з.б. 3 — 2 ғ.) салынып, 5 — 7 ғ-да қайта жаңғыртылған А.-2 бекінісі. А.-1 бекінісі Аязқала шоқысының басында, өзгелерден едәуір биікте орналасқан және жақсы сақталған. Қамалдың қақ ортасында төбе тастарын тесіп қазылған құдықтан басқа құрылыс іздері байқалмайды. Бұл құрылыс қала да, мекенжай да емес, мемлекет шекарасының бір бөлігін күзетіп тұрған, Кушан мемлекетінің кішігірім әскери қосыны орналасқан бекіністің қалдығы. Осы бекініс орнында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде темір қанжар, пышақ, найзаның, жебенің ұштары, қоладан, алтыннан жасалған бұйымдар табылды.