АЩЫБҰЛАҚ — Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы ауыл, Қазақстан ауылдық округі құрамында. Аудан орталығы — Есік қаласының солтүстік-шығысында 39 км жерде, Киікбай өзенінің сол жағалауында жусан аралас астық тұқымдас шөптесін өскен Қарасу жотасының солтүстік беткейіндегі тау-алдының қоңыр, қызғылт-қоңыр топырақты қоңыржай-ылғалды агроклиматтық белдемінде орналасқан. Тұрғыны 2,3 мың адам (1997). Ауыл 1957—97 жылдары «Қазақстан» кеңшарының орталығы болды. Оның негізіңде 1997 жылы «Голд-Продукт» жүзім зауыты ЖАҚ, «Төрткөл Мале», «Райымбек» ЖШС және 460 шаруа қожалығы құрылды. Ащыбұлақта орта мектеп, клуб, кітапхана т.б. мәдени орындар бар.