АШЫҚПАША-ЗАДЕ, Дервиш Ахмет ибн Шейх Яхья ибн Шейх Салман ибн Ашық Паша (1393/1400, Түркия, Амазия — 1481/84, Константинополь) — орта ғасырдағы түрік тарихшысы. Анадолының атақты сопы ақыны Аладдин Әли Ашық Пашаның немересі. Жастық шағы жөнінде мәліметтер аз. 1437 ж. Меккеге қажылық сапар шегеді. Мұрат ІІ (1421 — 51) және Мехмет ІІ (1451 — 81) сұлтандардың Балқандағы жорықтарына қатысады. Кейін өз көзімен көрген және естіген оқиғалар жөніндегі мәліметтерді жинақтап, “Осман әулетінің шежіресі” деген көлемді шығарма жазды. Таза түрік тілінде және оқуға жеңіл жазылған бұл еңбек түрік тарихының бастауы, көне кезеңдері жөнінде маңызды дерек болып табылады.