АШХАБАТ (арабтың «ъәшқ» –ғашық және парсының «абад»— мекен) – қала, Түрікменстан Республикасының астанасы (1924 жылдың қазанынан). Тұрғыны 540 мың адам (1997). Ашхабад ежелгі дәуірлерде қаланың орнында шағын елді мекен болған. Ұлы Жібек жолының бойында тұрғандықтан ертеден маңызды қоныс болып саналған. Қаланы М.Д.Скобелев басқарған Ахалтеке жорығы кезінде орыс отарлаушылары басып алып (1881 жылы 18 қаңтар), әскери бекініске айналдырды. 1885 жылыТүрікменстан аймағында құрылған Ресейдің әкімшілік бөлігі — Каспий облысыныңорталығы болды. 1885 жылы Ғашықабат—Каспий және 1899 жылы Ғашықабат—Ташкент темір жол желісі салынуы нәтижесінде Ғашықабат Орта Азиядағы ірі сауда орталықтарының біріне айналды. 1919 жылы 9 шілдеде Түркістан АКСР-ініңорталығы болды. 1919-1927 жылдары қала ақ гвардияшылармен шайқаста қаза тапқан Түркістан АКСР-інің Еңбек комиссары П.Г.Полторацкийдің есімімен «Полторацк» деп аталды. 1927 жылы тарихи-ұлттық атауы қайта берілді. 1920-1980 жылдары қала Түрікменстандағы ең ірі өнеркәсіп орталығына айналып, өндіріс орындар шығаратын өнімдері 1913 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 100-ге жуық пайызға артты. Металл өңдеу және машина жасау, электротехникалық, құрылыс материалдарын шығару, шыны жасау, мата тоқу, тамақ өнеркәсібі орындары, электростанциялары салынды. Әсіресе, қаладағы кілем тоқу кәсіпорындарының бұйымдары дүние жүзіне белгілі. 1969 жылы Байрамәли—Ғашықабат—Безмеин газ құбыры іске қосылды. Ғашықабат бірнеше рет зілзаланы бастан кешті (1893, 1895, 1929). 1948 жылы 6 қазанда болған зілзаладан түгелдей қираған қала қайта салынды. 1950-1960 жылдары заманауи сәулет өнерін шығыстық әсем әдіспен ұштастырған Үкімет үйі, көпшілік кітапхана бой көтерді. Ғашықабат — Республиканың мәдени және ғылыми орталықтарының бірі. Мұнда жалпы және арнаулы орта білім беретін мектептер, жоғары оқу орындар, Ғылым Академиясының ғылыми-зерттеу мекемелері бар. Мақтымұлы атындағы опера және балет театры, драма, қуыршақ театрлары, мұражайлар, газет-журнал редакциялары жұмыс істейді.