АШУ – ыза, кейіс, реніш, араздық түрінде көрініс беретін адам мінезі мен көңіл-күйінің жағдайы. Өзіне әсер еткен қолайсыз нәрселерге жауап ретінде ашулы, ызалы, кекті, қаһарлы түрде көрінеді.Бойын ашу кернеп, мейірімсіздік пен қаталдық билеген, ызалы күй кешкен адам әр қилы жаман істерге барып, жауыздық әрекеттер жасауы мүмкін. Мұндай жағдай жоғары жүйке қызметіндегі тежелу процесіне күшті қозу процесінің ерік бермеуі нәтижесінде болады. Қазақта «Ашу дұшпан, ақыл – дос, Ақылыңа ақыл қос» деген мақал бар. Бойын А.кернеп, кек пен ызаға булыққан адам қатыгездік істерге ұрынады. А. – сезімдік-эмоциялық күй. Сезімін әр кезде ақыл-ой, санаға билете білген адам байсалды кісі саналады.