АШТАРХАНИ (ЖАНИЛЕР) ӘУЛЕТІ-Шайбани әулетінен кейін Мауераннахрды
билеген (1601 — 1756), Жошыдан тараған Астрахан (Қажы Тархан) хандығы билеушілерінің тұқымдары. Астраханды орыстар жаулап алған соң, олар Маңғыстау түбегіне қашып келген. Өз туыстарымен келіспей қалған Жармұхаммед сұлтан баласы Жани сұлтан екеуі Бұхараға келіп, Ескендір ханға (1561 — 83) қызмет етті. Жани сұлтанның ұлдары Дінмұхаммед, Бақимұхаммед, Уәлимұхаммедтер Бұхар билеушісі Абдолла ІІ (1583 — 98) мен оның баласы Әбдімомынның (Абд ал-Муминнің) (1598, ақпан-шілде) сеніміне ие болды. Әбдімомын өлгеннен кейін Бұхар билеушілері өзара қырқысып, Хорасанды Иран шаһы Аббас басып алды. Дінмұхаммед ирандықтармен ұрыста Герат түбінде қаза тапты (1598 — 99). Бақимұхаммед пен Уәлимұхаммед Ташкент пен Самарқанды басып алған Қазақханы Тәуекелге қарсы шайқасып, Бұхар хандығында тәртіп орнатуға, шонжарлардың алауыздығын тыюға тырысты. Мұндай жағдайда Бұхардың билеуші топтары таққа Аштарин әулеті өкілін отырғызуға шешім қабылдады. Олар төмендегідей ретпен таққа отырды. Бақимұхаммед хан (7.1601 — 4.1605), Уәлимұхаммед — Баһадүр хан (4.1605 — 10, екінші рет 27.8. 1611 — 8.10.1661), Имамқұл (1610 — 27.8.1911, екінші рет 8.10.1611 — 22.3.1642), Нәдірмұхаммед хан (22.3.1642 — 27.4.1645), Әбіләзиз (Абд әл-Азиз) хан (27.4.1645 — 8.9.1681), Сұбханқұл (8.9.1681 — 5.9.1702), Ұбайдолла хан (5.9.1702 — 14.4.1711), Әбілпейіз (Әбу-л-Феиз) хан (14.4.1711 — 10.7.1747), Әбдмомин (Абд-әл-Мумин) хан (12.7.1747 — 51), Ұбайдолла хан ІІ (1751 — 54), Шерғазы хан (1754 — 56). Бұхарда жарты ғасыр билік құрған Аштарин әулеті мемлекеттің ішкі, сыртқы жағдайын нығайтып, өнеркәсібін, егін ш-н, сауданы, қолөнерін, ғылымын, сәулет және бейнелеу өнерін дамытуға ықпал етті. Ұлы Моғол әулетіне қарсы соғыстың нәтижесінде Балх меншігін қайтарып алды. Аштарин әулетінің билік құруы кезеңінде ханнан кейінгі жоғары лауазымды иеленген аталықтың рөлі күшейді. Самарқанның Регистан алаңының құрылысы Аштарин әулеті билік құрған 17 ғасырдыңортасында аяқталды. Самарқан билеушісі Қазақ Жалаңтөс Баһадүр Шер-Дор мен Тіллә-Кари медресесін салды. Бұхар хандығы тағына маңғыт Мұхаммед Рақым аталықтың отыруымен (16.12.1756) Аштархани әулетінің билігі аяқталды.