АШИНА ХУАЙДАО — Батыс түрік қағандығының Таң патшалығына бағынған Он оқ тайпаларының қағаны (704 — 737). Ашина Буяженнің немересі. Оның дәуірінде ертеректе Он оқ тайпаларына бағынышты болып келген түргештер бірте-бірте күшейіп, олардың көсемі Өзәл Шор (Ужэли) Сұяб қаласын үлкен астана, Алмалық (Гүнюэ) қ-н кіші астана еткен. Қол астындағы түргештердің күшеюі салдарынан Ашина Хуайдао өзіне қарасты елге билік жүргізу мүмкіндігінен айрылды. Түргештердің арабтарды жеңуі және Таң патшалығымен байланысын үзуі қытай билеушілерінің наразылығын тудырды. Нәтижесінде Таң патшасы арабтар мен Ашина Хуайдаоның күшін пайдаланып, түргештерді әлсіретуге тырысты. А. Х. қайтыс болған соң (737 ж.), Таң патшасы оның ұлы Ашина Цинді Он оқтардың қағаны етіп тағайындады. 742 жылы Ашина Цин Суябтың батыс жағында түргештер қолынан қаза тапты. Бұдан соң Таң патшалығы түргештермен қарым-қатынас жасауға ойысты.