АЧЕСОН , Дин Гудерхэм (1893 — 1971) — АҚШ-тың мемлекеттік қайраткері, 1949 — 1953 жылы мемлекеттік хатшы. Джейл, Гарвард университеттерін бітірген. 1941 — 1945 жылы мемлекеттік хатшының көмекшісі, 1945 — 1947 жылы орынбасары қызметін атқарды. Осы жылдардағы мемлекеттік хатшы Дж. Маршалл мен Ачесон Кеңес Одағының Еуропадағы үстемдік ету ниетіне бөгет жасау үшін Еуропа елдеріне экономикалық көмек беру туралы ұсыныс жасады. Осылайша “Трумэн доктринасы” (1947) және “Маршалл жоспары” (1948) пайда болды. 1949 жылы президент Г. Трумэн әкімш-нің мемлекеттік хатшысы қызметіне тағайындалға. Ачесон Солтүстік Атлантика ұйымын (НАТО) құру мәселесімен тікелей айналысып, 4 көкекте оның құрылғаны туралы құжатқа қол қойды. Ачесон сол кездегі АҚШ сыртқы саясатын мынадай түрде жобалады: Еуропада — Кеңес Одағының үстемдігіне жол бермеу, ол үшін НАТО-ны нығайту; Азияда — Қытайда болып жатқан оқиғаларға араласпау; Оңтүстік-шығыс Азиядағы Англия мен Франция мүдделерін қорғауға көмектесу; Жапония,ны, Филиппинді және Окинаваны қорғау. 1950 жылы Ачесонның мекемесі жасаған сыртқы саясат бағдарламасында “АҚШ қорғанысқа ұлттық табыстың 20%-ін жұмсауы, “біртұтас коммунистік әлем” құру идеясын жүзеге асыруға ұмтылған “қатал фанатиктерді” тоқтату үшін Еуропа елдерімен күш біріктіру қажет” деп көрсетілді. Бұл жоспарды президент мақұлдады. Бөлінген қаржы НАТО-ны нығайтуға жұмсалды. Осылайша Кеңес Одағының Еуропадағы ықпал аймағының кеңеюіне шек қойылды. А. 1953 жылы мемлекеттік хатшы қызметінен кеткен соң әр түрлі мемлекеттік мекемелерде жұмыс істей жүріп, президенттер Дж. Кеннеди мен Л.Джонсонның кеңесшісі болды. 1968 жылы Л.Джонсонға Вьетнам соғысынан шығу туралы кеңес берді, соның нәтижесінде АҚШ Солтүстік Вьетнамды бомбалауды тоқтатты. Ачесонның “Конгреске азаматтық көзқарас”, “Өкімет және дипломатия”, “Таң және бесін” т.б. еңбектері бар.