АХМЕТ ибн Әли (Құтып әд-Даул Әбу Насыр Ахмет бин Әли Тоған хан) (туған өлген жылы белгісіз) — Қарахан мемлекетінің 11 ғасырдың басындағы билеушісі (998 — 1017/18).Сатұқ Боғра ханның шөбересі. Сатұқ Боғра хан — Мұса — Әли — Ахмет ханның тұсында інісі Насыр Елік (Элик) ибн Әли Мауераннахрды жаулап алды. Бірақ Ахмет інісінің Махмұд Ғазнауиге (Хорасан билеушісі) қарсы жорықтарына жәрдем беруден бас тартты. Содан келіп Қарахан әулеті ішінде саяси күрес басталды. Насыр Елік хан өлгеннен кейін (1012/13) Мауераннахрдың билігі толығымен Ахметке көшті. 1012/13 жылға дейін Ахметтің есімі Ташкент, Исфиджаб (Сайрам) және Солтүстік аймақтардағы қалалардан табылған теңгелерде кездессе, бұдан кейін Мауераннахр мен Ферғана аймағын
да соғылған теңгелерде көп ұшырасады. Ахмет хан Шу бойындағы Баласағұнды астана етті. Ол қайтыс болған соң (1017/18), таққа Мұхаммед Арыслан хан деген атпен белгілі кіші інісі Мансұр ибн Әли отырды.