АХМАД ШАҺ ДУРРАНИ ЕЛШІЛІКТЕРІ —Ауған ханы Ахмад шаһ Дурранидің 18 ғасырдың 60-жылдарында Қытайға қарсы мұсылман елдерінің әскери одағын құру жөнінде қазақ хандарына жолдаған елшіліктері. 1755 — 59 жылы Қытайдың Жоңғар мемлекеті мен Шығыс Түркістанды жаулап алып, Орталық Азияға ілгерілеуі Қазақстан мен Орта Азияға қауіп төндірді. Бұл жағдай Орталық Азиядағы мұсылман елдерінің өзара қорғаныс шараларын жүзеге асыру мақсатында әскери одақ құру жөнінде келіссөз жүргізуіне түрткі болды. Сол кездегі қуатты Дуррани империясының шаһы Ахмад қазақ хандарымен және Орта Азия хандықтарымен дипломатиялық қатынастар орнатып, келіссөздер жүргізу бағытында батыл қадамдар жасады. Оның 40 адамнан тұратын елшілігі Құтшымыр ханның басшылығымен 1762 жылдың күзінде Қытайға барып, Цин империясының Орталық Азияның Солтүстік-батыс аймағындағы жаулаушылық саясатына қарсылық білдірді. Осы елшілік Пекинге бара жатқанда және 1763 жылы көктемде қайтар сапарында қазақ хандары және сұлтандарымен Ахмад шаһтың жоспарын талқылайды. Ауған басшысы қазақ ханы Абылайға арнайы хат жолдайды. Онда соғыс бола қалған жағдайда әскери одақ құру, Қытай әскерлеріне азық-түлікпен, көлікпен көмектеспеу жөнінде айтылған (Ресейдің сыртқы саясаты архиві, Ауған істері қоры, 1763 — 1766 жылы, т. 27/1, 1-іс, 27-п.). 1763 жылдың күзінен Ахмад шаһ Цин империясымен соғысқа шынымен-ақ, әзірлік жүргізіп, Қазақ даласына, Хиуа, Бұхар және Қоқанға әскери одақ құру ниетімен елшіліктер жіберді. 1764 жылы 15 наурызда Сібір шебі әскерлерінің қолбасшысы И.И.Шпрингер Санкт-Петербургке Абылай сұлтанға 20 адамнан тұратын ауған елшілігі келді деп хабарлады. Бұл жөнінде Ахмад шаһтың Абылайға жазған хатында Цяньлунға құрамында 40 адамы бар елшілік жібергені және оған: “Боғдыханның мұсылман дініндегі халықтар мен Қашғар, Жаркент секілді басқа да осындай елдерге билік жүргізуге ешбір құқы жоқ”, — деп ескерткені айтылған (сонда, Қырғыз-Қайсақ істері қоры, 1763 жылы, 2-іс, 8-п.). Сол жылдың соңғы айларында ауған елшілігі Түркістан қаласындағы Әбілмәмбет ханға да келген. Кейін осы елшілік Нұралы хан ордасына да бет алған. Ахмад шаһтың қазақ хандарына жолдаған бұл хатттарында “Қырғыз-қайсақ ордасына менің әскерлерім жақындаған кезде мініс аттарын, басқа да мал алып келулеріңді талап етемін, ақысына алтын, күміс беріледі,” — деп жазылған. Жауап ретінде 1764 жылы Абылайдың Байтуған би бастаған елшілігі Кабулда болып қайтқан (қ. Байтуған би елшілігі). Бірақ Орталық Азиядағы кейбір мұсылман мемлекетттерінің Цин империясына қарсы әскери одақ құру жөніндегі жоспары іске аспады. Оған негізінен Ахмад шаһтың сикхтармен (Үндістан) соғыста (1764) жеңіліс табуы, Шығыс Түркістан, Қазақстан мен Орта Азиядағы саяси ыдыраушылық себеп болған.