АФОНИЯ (грекше а – сыз, сіз, емес, қосымшасы және phōnē – дыбыс) – дауыстың жоғалуы, сыбырлап қалу. Афонияны кәдімгі (ауруға байланысты) және функционалдық (психогендік, истериялық) деп екіге бөледі. Кәдімгі (көмейлік) афония жоғары тыныс жолдарына салқын тиюден, тұмаурату, не көмей параличіне, ісіктерге байланысты дыбыс сіңірлерінің жиырылып тербелуіне кедергі туудан пайда болады. Афония — дифтерия (күл) ауруының негізгі белгілерінің де бірі. Функционалдық афония жүйке жүйесі дерттерімен ауыратын адамдар ларингит ауруына шалдыққанда пайда болады. Кей жағдайда афонияның функционалдық түрі қатты шошыну, қорқу сияқты психикаға ауыртпалық түскенде ұшырасады. Ол дауыстың тосыннан жоғалып, сыбырлап қалумен сипатталады. Афонияны емдеу оның пайда болу себептеріне қарай әр түрлі болады, кейде сендіру, эмоциялық психотерапия, гипноз т.б. тәсілдер көмектеседі.