АУЫР ӨНЕРКӘСІП

АУЫР ӨНЕРКӘСІП — халық шаруашылығының ұлттық экономиканың дамуына шешуші ықпал ететін маңызды саласы. Ауыр өнеркәсіп өндіруші және өңдеуші кәсіпорындардан құралады. Қазақстандағы өндіруші ауыр өнеркәсіп кәсіпорындарына кен-химия шикізатын, түсті және қара металл, мұнай, газ, көмір, биметалл кендерін, құрылыс материалдарын өндіретін құрылымдар жатады. Өңдеуші өнеркәсіпке қара және түсті металдар, прокат, химиялық және мұнай-химиялық өнімдерін, машиналар мен құрал-жабдықтар, ағаш және целлюлоза-қағаз өнімдерін, цемент т.б. құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар енеді.

Қазақстанда ауыр өнеркәсіп тің дамуына жер асты байлықтары кең мүмкіндіктер берді. Елімізде қазба байлықтарының зерттелген қоры мол. Олар: көмір мен мұнай, мыс пен қорғасын, темір мен хром, никель мен вольфрам, алюминий мен мырыш, алтын мен күміс, ванадий мен вольфрам және уран кен қорлары. Қазақстанның Жезқазған, Ақтоғай, Қоңырат мыс кендері, Соколов-Сарыбай, Әйет, Лисаковка, Атасу, Дөң, Қашар қара металл кендерінің мәні зор. Мұнай, газ, көмір қорлары (Батыс Қазақстан, Екібастұз, Қарағанды және т.б.) айтарлықтай. Республиканың су энергетик. реурстары шамамен жылына 27 млрд. кВт. сағатқа бағаланады. Химия өнеркәсібінің шикізаты да мол (Қаратау фосфориттері). Вольфрам, хром, молибден, кадмий және уранның үлкен қорлары бар. Қазақстан — дүние жүзілік ауыр өнеркәсіп бөлінісінде өзіндік орны мен зор мүмкіндіктері бар мемлекет. Еліміздің ауыр өнеркәсібінің іргесі негіздері 20 ғасырдың басында қаланды. Ол кезеңде қарапайым еңбек құралдарымен жарақтанған ұсақ кәсіпорындар, шеберханалар мен цехтар басым болды. Мұнай, көмір өнеркәсібі мен түсті металлургия ошақтарының негізі де мол кезде қаланды. 1913 жылы барлығы 118 мың тонна мұнай, 100 мың тонна көмір және біраз түсті металдар өндірілді. Азамат соғысының салдарынан 1920 жылы ауыр өнеркәсіп өнімдерінің мөлш. 5 есе төмендеп, мұнай өндіру деңгейі 30 мың т. көлемінде ғана болды. Осы жылдарда өнеркәсіп өнімінің үлесі 10 проценттен аспайтын еді. Қазақстанның ауыр өнеркәсібі индустрияландыру жылдарында, Ұлы Отан соғысы кезеңінде (1941 — 1945) жаңа өндіріс ошақтарын салу Ресей және Украина республикаларынан көшірілген кәсіпорындар есебінен сан-салалы сипатқа ие болды. 1938 жылы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 1913 жылғы деңгейден 4 есе, 1928 ж-ғы дәрежеден 14 есе асып түсті. Еліміздегі ауыр өнеркәсіп соғыстан кейінгі кезеңдерде айрықша қарқынмен дами бастады. Оның басты себебі 1960 — 1970 жылы республика өнеркәсібіне жұмсалған күрделі қаржы өткен 40 жыл (1920—60) ішіндегі жиынтық қаржыдан 2, 3 есе жоғары болды. Осы жылдарда жан басына шаққанда өнім шығару жөнінен көптеген дамыған елдерден басым түсті және көмір, болат, электр энергиясы, машина, химия өнімдерін өндіру жедел қарқынмен дамыды. Ауыр өнеркәсіптің қара металлургия, трактор жасау, алюминиий және кабель өндірісі, арматура, прибор жасау, насос-компрессор, химия, машина жасау, кен-химия өндірісі, синтетик. каучук, синтетик. қарамай және пластик. массалар, құрастырмалы темір-бетон және қабырға блоктары өндірісі, асбест өндірісі кәсіпорындары пайда болды (кестені қ.). Ауыр өнеркәсіптің респ. өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 1997 жылы 76,3 %-ке жетті.

1991 жылға дейін Қазақстанның ауыр өнеркәсібі КСРО-ның бірыңғай химия шаруа кешені ретінде дамыды. Мұндай тәуелділіктің бірнеше зардаптары болды. Біріншіден, әрі қарай өңдеу үшін жартылай өнім сыртқа тасылды. Екіншіден, түпкі өнім шығаратын кәсіпорындар үлесі төменгі деңгейде қалды. Үшіншіден, түсті және қара металлургия, басқа ауыр өнеркәсіп салалары түпкі өнімге бейімделмей, шикізат бағытын ұстанды. Төртіншіден, экологиялық жағынан таза, озық технол-ларды өндіріске енгізу ісіне жете назар аударылмағандықтан әлемдік технологиялық дамудан кенжелеп қалдық. Бесіншіден, Қазақстан ауыр өнеркәсіп өнімдері тек КСРО рыногына бейімделді. Қазақстанда өндірілген мұнайдың 70%-і, темір рудасының 55%-ті, көмірдің 28%-ті, қара металдың 46%-ті, синтетик. каучуктің 86%-і, негізгі химия өнімдерінің 54 %-ті сол рынокқа шығарылды. 1991 — 1996 жылдары еліміз экономикасының нарықтық қатынастарға көшуіне, бұрынғы қалыптасқан экономикалық байланыстардың үзілуіне байланысты отандық ауыр өнеркәсіп елеулі қиындықтарды басынан өткізді. Бастапқы жылдардағы еңбекақының өсуі, айналым қаражаттарының жетіспеуі, ақшаның құнсыздануы, қаржыландыру тәртібінің өзгеруі, қажетті ресурстарға бағаның шексіз өсуі ауыр өнеркәсіп кәсіпорындарын дағдартып тастады. Қазақстан үкіметі шұғыл түрде кәсіпорындарды мемлекет иелігінен алу, жекешелендіру, шетелдік кәсіпкерлер мен инвесторлар қаржылары көмегімен оларды қайта жарақтандыру бағытында экономикалық жобалар тізбегін жасап ұсынды. 5000 жұмысшысы бар өнеркәсіп орындарының саны 129 болып, олар жеке жобалар арқылы жекешелендіруге көшірілді. 1995 — 1996 жылдары түсті және қара металлургия, тау-кен және химия өнеркәсібінің 50-ге тарта белді кәсіпорындары шетелдік басқаруға берілді. Олардың арасында “Айведон интернешнл ЛТД” (Соколов-Сарыбай кен байыту өнеркәсіптік бірлестігі), “Japan chrom corporatіon” (Хром өндірісі кәсіпорындары), “Самсунг” (Жезқазғанцветмет),“Испат-Қармет” (Қарағанды меаллургия комбинаты) т.б. компаниялар бар. 1994 — 96 жылдары Қазақстанға 6 млрд. доллар шамасында шетел капиталы тартылды, оның 60%-і түсті металлургияға, ал қалғаны мұнай, газ өнеркәсібін дамытуға және басқа салаларға жұмсалды. Басқаруға берілген кәсіпорындардың қарыздары мен берешектері жабылып, өндіріс орындарына қан жүгірді, экон. көрсеткіштері жоғарылады. Қазақстан үкіметінің ауыр өнеркәсіп саласында ұстанған саясаты негізінде шектеулі құрылымдық өзгерістер енгізіліп, ұлттық шаруашылықтың отын-энергетика, металлургия, мұнай және газ, машина жасау, химия және мұнай химиясы өнеркәсіптері дамытылып елдің экономикалық қауіпсіздігі қамтамасыз етілмек. Бұл туралы ел Президентінің Қазақстан халқына 1997 жылғы жолдауында: “Өндірістің инерциялық және ауыр құрылымын құлашты бір сермеп түзетуге болмайды. Дүниежүзілік тәжірибеде жалпы ұлттық өнімде ауыл шаруашылығының, өндіруші өнеркәсіптің үлесін ұдайы кеміту және керісінше, өңдеуші өндірістің, ең алдымен ғылымды қажет ететін, қосылған құны жоғары өндірістерді, сондай-ақ қызмет көрсету саласының үлесін ұлғайтуға саятын белгілі бір дәйектіліктің қажеттігін көрсетіп отыр” делінген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *