АУЫР АТЛЕТИКА — әр түрлі салмақ дәрежелерінде ауыр зат (штанга, гір тастары) көтеріп, күш сынасатын спорт түрі. Ауыр атлетикадан ең алғашқы жарыс 1860 жылы АҚШ-та өтті. Олимпиялық ойындар бағдарламасына 1896 жылы енгізілді. Ауыр атлетикадан дүниежүзілік (1898 жылдан), Еуропа(1896 жылдан) чемпионаттары өткізіледі. Халықаралық Ауыр Атлетика Федерациясына (1920) Қазақстан 1993 жылдан мүше. Ауыр атлетика бойынша халықаралық жарыстар штанга көтерудің екі тәсілі (жұлқа және сілке көтеру) бойынша, 52 кг-нан басталатын 10 салмақ дәрежесіндегі спортшылар арасында өтеді. Жұлқа көтеру кезінде штанга кідіріссіз бірден жоғары көтеріледі. Сілке көтеруде штанга алдымен кеудеге алынып, содан кейін жоғары көтеріледі. Қазақстанда ауыр атлетика бойынша алғашқы чемпионат 1937 жылы өткізілді. Қазақстан спортшылары ірі жарыстарға 1954 жылдан қатысады. Теміртаулық Юрий Зайцев (1976, Монреаль), Шахтинскілік Виктор Мазин (1980, Мәскеу), Ақмолалық Анатолий Храпатый (1988, Сеул), қызылордалық Илья Ильин (2008, Пекин) ауыр атлетикадан Олимпиада чемпиондары атанған.