АУЫРЛЫҚ ЦЕНТРІ — қатты дененің кеңістіктегі кез келген қалпында оның бөлшектеріне тең әсерлі күшпен түсетін ауырлық күшінің геометриялық нүктесі; бұл нүкте кей жағдайда осы дененің ешбір нүктесімен сәйкес келмеуі мүмкін (мысалы, сақинада). Біртекті ауырлық өрісіндегі қатты дененің ауырлық центрі оның массалар центріне сәйкес келеді. Денені салмақтары p1, p2, …,pn болатын бөліктерге бөліп, олардың ауырлық центрі лерінің (х1, у1, z1), (x2, y2, z2),… координаттары арқылы, сол дененің ауырлық центрінің координаттарын (хс, ус, zc) мына формуламен анықтауға болады:
Xc=(p1x1+p2x2+…pnxn)/(p1+p2+…pn)
Yc=(p1y1+p2y2+…pnyn)/(p1+p2+…pn)
Zc = (p1z1 + p2z2 + … pnzn)/(p1 + p2 + … pn)
Симметрия центрі бар біртекті дененің (тікбұрышты немесе дөңгелек пластина, шар, цилиндр, куб т. б.) ауырлық центрі сол дененің симметрия центрінде жатады.