АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ТЕХНИКАСЫ — ауыл шаруашылығында қолданылатын қондырғылар, машиналар мен құралдардың жиынтық атауы. Қазақстанда мақта, қызылша, картоп, көкөніс, бақ, мал шаруашылықтары, сондай-ақ топыраққа тыңайтқыш себу процестері жақсы механикаландырылған. Ауыл шаруашылық техникасы қолданылу мақсаттарына байланысты бірнеше топқа бөлінеді.Энергетика, көлік және тиеуіш машиналарына түрлі тракторлар, тіркемелер, тиеуіштер, майқұйғыштар, жүккөтергіштер, жылу және электр моторлары жатады. Тракторлар тарту күшіне қарай түрлі кластарға бөлінеді. Олар жалпы және арнайы жұмыстарға арналған дөңғалақты және жыланбауырлы болып келеді. Павлодар трактор зауытында ДТ-75Т “Қазақстан” (класы 30 кН) тракторы шығарылады. Оған түрлі аспалы және жартылай аспалы құралдар жегіледі. Мұндай трактор көмегімен жер жырту, тырмалау, қопсыту, тұқым себу, қар тоқтату, суландыру жұмыстары атқарылады. Петропавлда шығарылатын қуаты 1 кВт агрегат шағын электр стансасы ретінде мал қораға, шопан үйіне, мал шаруашылығы мен егін ш-ның түрлі қызметтеріне жарық беру үшін қолданылады. Топырақ өңдеу, тыңайтқыш себу, егістік зиянкестерін жою мақсатында қолданылатын машиналар да топырақ өңдейтін аспалы және жартылай аспалы соқалар, қопсытқыштар, тісті, инетісті және делегейлі тырмалар, тығыздағыштар, тыңайтқыш сепкіштер, көң, сұйық тыңайтқыш шашқыштар; сұйық және түйіршікті улы қоспаларды бүріккіштер және тозаңдатқыштар, дән улағыштар, фумигаторлар, аэрозоль шашқыштар; қар тоқтатқыштар жатады. Қазақстанның ауыл шаруашылық машина жасау кәсіпорындарында (Астана, Қарағанды, Тараз, Қызылорда, Қостанай, Ақтау, Атбасар, Өскемен т.б. қалаларда осы топқа жататын 57 түрлі күрделі және қарапайым ауыл шаруашылық техникасы шығарылады. Дәнді дақылдарды себуге, өсіруге, жинауға, өнімдерін баптауға арналған машиналар тобына: сепкіштер, қатар аралығын өңдейтін культиваторлар, астық орғыштар, астық комбайндары, сабан жинағыштар, дән тазартқыштар, кептіргіштер, астық тиегіштер жатады. Республикада бұл топқа жататын 17 түрлі машина, құралдар шығарылады. Мал азығын дайындайтын машиналарға шөп орғыштар, жемшөп жинайтын комбайндар, шөп орғыш-ұсақтағыштар, шөп орғыш-жаныштауыштар, шөп тырмалары, ысырмалар, дестелегіштер, жинағыш-престер, жинағыш-шөмелегіштер, мая салғыштар, мая тасығыштар, сүрлем комбайндары, үйінді шөпті кептіргіштер жатады. Қазақстанда бұлардың 12 түрі шығарылады. Техникалық дақылдар өсіруге, жинауға арналған машиналарға арнайы жұмысқа бейімделген сепкіштер, отырғызғыштар, қарық жасағыштар, қатар аралық культиваторлар, мақта, картоп, томат жинайтын комбайндар, көкөніс жинағыштар жатады. Республика заводтарында олардың 7 түрі шығарылады. Бау-бақшада, жүзімдікте қолданылатын машиналарға соқалар, жинағыштар, жүзім жинағыштар, темекі жапырағын жинағыш сілкуіштер жатады. Мал шаруашылығына арналған машиналарға мал фермаларында, жеке шаруашылықтарда қолданылатын сүт, ет, жүн т.б. өнімдер өңдеуді механикаландыратын машиналар мен жабдықтар, атап айтқанда мал азығын араластыратын, тиейтін, үлестіретін машиналар, азық шанақтары, мал суғаратын жабдықтар, сауын қондырғылары, сүт тоңазытатын аппарат, сүт сепараторы, қой қырқу, жүн өңдеу агрегаттары, қаракөл елтірісін өңдейтін жабдықтар, инкубаторлар, жылумен, сумен қамтамасыз ететін жабдықтар (сорғы, құдық қазатын және су тартатын қондырғылар, жылу генераторы мен жылытқыш аспаптар) жатады. Суландыру машиналары канал қазуға, егіс суғаруға, ашық және жабық дренаж жасауға, жаңа жер игеруге арналған. Олардың қатарына экскаватор, бульдозер, скрепер, грейдер сияқты машиналар, механизмдер, сондай-ақ арық қазатын, тазалайтын, қарықша жасайтын, жер тегістейтін, тас жинайтын және ұсақтайтын, егін суғаратын қондырғылар мен жабдықтар, жаңбырлатқыштар жатады. Суландыру машиналарының кейбір түрлері Кентауда (экскаватор), Қызылордада (грейдер т.б.), Түркістанда (сорғы станәиясы) шығарылады. Орман шаруашылығында қолданылатын машиналарға орман соқалары плугтар мен фрезалар, орман культиваторлары, ор қазатын, алаң жасайтын, ағаш және бұта тамырларын қопаратын, кесетін, ағаш отырғызатын, ағаш тұқымдарын себетін, топырақтың беткі қабатын сыдыратын, өрт сөндіретін (мотопомпа т.б.) қондырғылар мен жабдықтар жатады.