АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЗИЯНКЕСТЕРІ 

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЗИЯНКЕСТЕРІ — қолдан өсірілетін өсімдіктерді зақымдайтын не мүлдем құртып жіберетін жәндіктер мен жануарлар. Оларға омыртқасызжануарлардан жұмыр құрттар, өсімдік қоректі кенелер, жәндіктер, жалаңаш шырындар және ұлулар, ал омыртқалы жануарлардан — құстар мен сүт қоректілердің кейбір түрлері (кеміргіштер) жатады. Зиянды жәндіктер мен кенелер қоректік заттарына байланысты монофагтар, олигофагтар және полифагтар болып 3 топқа бөлінеді. Монофагтар өсімдіктердің бір ғана түрімен немесе бір-біріне ұқсас бірнеше түрлерімен (бұршақтың дәнек қоңызы, таңқурай кенесі), олигофагтар өсімдіктердің бір тұқымдасына жататын көптеген түрлерімен (орамжапырақ тұқымдасының бүрге қоныздары мен қандалалары, түйнек бізтұмсықтары, дәннің сұр көбелегі), полифагтар өсімдіктердің көптеген түрлерімен (шегірткелер, шыртылдақ қоңыздар, күздік көбелек) коректенетінеді. Жәндіктер өсімдіктің ұлпасын, жапырақтарын, тамырын, жемістерін кеміріп немесе сорып бүлдіреді. Зақымдалған өсімдіктердің зат алмасу процесі өзгереді, өсуі, қор жинауы тежеледі немесе солып қалады. Көптеген зиянкес жәндіктер өсімдік ауруларын таратады. Кенелер ауыл шаруашылығы дақылдарын сорып зақымдайды және қоймаларда астық, дән, ұн, кепкен жеміс, көкөніс өнімдерімен қоректенеді. Кенелердің кейбір түрлері індет таратады. Жұмыр құрттар, негізінен өсімдіктердің тамырымен қоректенеді. Солардың ішінде бүлдірген, қызылша, картоп нематодасы көп зиян келтіреді. Зиянкес кеміргіштер Қазақстанда өте көп таралған. Олар астық дақылдарын, көкөністер мен жеміс-жидектерді зақымдайды, қоймада сақталатын азық-түлік қорына шығын келтіреді, сондай-ақ жұқпалы аурулар таратады. Ауыл шаруашылығы өнімдері шығынының 20%-ы зиянкес кеміргіштер кесірінен болады. Ауыл шаруашылығы ззиянкестерімен күресу мәдени өсімдіктердің зиянкестерге төзімді сорттарын шығару, ауыспалы егісті қолдану, зиянкестерге қарсы биологиялық тәсілдерді (трихограмма, афелинус т.б.), микробиологиялық препараттарды, химиялық заттарды (акарицидтер, инсектицидтер, зооцидтер т.б.) қолдану арқылы жүргізіледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *