АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН КОЛЛЕКТИВТЕНДІРУГЕ ҚАРСЫ ШАРУАЛАР ҚОЗҒАЛЫСЫ 

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН КОЛЛЕКТИВТЕНДІРУГЕ ҚАРСЫ ШАРУАЛАР ҚОЗҒАЛЫСЫ —1929 -1932 жылдары Коммунистік Партия мен Кеңес өкіметінің  Қазақстандағы әділетсіз, зорлықшыл ішкі саясатына наразы болған халық көтерілістері. Халық наразылығына қазақ ауылына жасанды әлеум. жіктелістің таңылып, тап күресін шиеленістіру; ауқатты және орта дәулетті қожалықтардың мал-мүлкін тәркілеу; бай мен кулактарды тап ретінде жою; шаруаларды күштеп колхоздарға біріктіру; жедел қарқынды индустрияландыруды іске асыруға байланысты ауыл-ауылдан өкіметке шектен тыс азық-түлік, мал, т.б. ауыл шаруашылығы өнімдерін зорлықпен жинау; елдің шын жанашырларының, рухани көсемдердің, Алаш ардагерлерінің қуғынға ұшырауы; өкіметтің тым ұшқары атеистік саясаты (мешіттерді жаппай қирату, дін иелерін қудалау); коммунистік саясатты ұйымдастырушылар мен іске асырушылардың (жалған белсенділердің) жүгенсіздіктері т.б. себеп болды. Осы науқандармен қоса бір мезгілде жүргізілген көшпелі және жартылай көшпелі халықты отырықшыландыру, қазақ шаруаларының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі өмір сүру жүйесін қауырт күйрету ауылдағы жағдайды тым шиеленістіріп жіберді. Әсіресе, мемлекетке өткізілетін мал, астық, азық-түлік жоспарлары халықты әбден титықтатты. Оны орындамағандар түрмеге жабылды. Күнкөріс малынан, азын-аулақ астық, т.б. азық-түлігінен айрылған ауылға аштық апаты төнді. Кейін ресми құжаттарда “асыра сілтеу” деп аталған қатыгез саясат елді азамат соғысы жағдайына алып келді. “Голощекин орыс деревнясында азаматтық келісімді, ал қазақ ауылында азамат соғысын уағыздайды” деп жазды Л.Д. Троцкий (11.03.1927 жылы) (Коммунистическая оппозиция в СССР, Из архива Льва Троцкого, т. 2, Бенсон, 1988, 197 — 199 беттер).

Егер 20-жылдары Кеңес өкіметінің тұрпайы-зорлықшыл саясатына шаруалар қарсылығы әр жерде көрініс берсе (белсенділерді, партия-кеңес қызметкерлерін ұрып-соғу, өлтіріп кету, өрт қою, шаруалар тарапынан мал-мүлкін, астығын жасыру, ауа көшу, “қарулы” топтар құру т.б.), 1928 жылы ірі байларды тәркілеу науқанынан кейін басталған жаппай коллективтендіруге, кулактар мен байларды жою деген желеумен жүргізілген саяси террорға қарсы қозғалыс ауылдың көпшілік бөлігін қамтып, Қазақстандағы халық наразылығы КСРО-ның басқа республикаларына қарағанда ерекше кең сипат алды, соңы ауыр қасіретке ұласты. Көтерілісшілер құрамы негізінен ауыл қазақтары болып, ол ұлттық сипат алды. Шаруалардың ұйымдасқан алғашқы бас көтерулері 1929 жылы күзде басталып, 1932 жылдың жазына дейін созылды. 1929 жылы қыркүйек айында Сырдария округінің Бостандық ауданында, Қарақалпақ Автономия облысының Қазақстанға көршілес Тақтакөпір елді мекенінде қарулы көтерілістер болып өтті. Оларға қарақалпақ, өзбек, қырғыз шаруаларымен қатар қазақтар да қатынасты. Сол жылғы қазан айының 2 — 9 күндері Қостанай округінің Батпаққара (қазіргі Амангелді) ауданында шаруалар бір апта бойы билікті өз қолына алды (Батпаққара көтерілісі). Бірақ әскер күшімен олардың бәрі басылып-жаншылып, басшылары жауапқа тартылды. Республиканың барлық жерлерінде өкіметтің зорлық-зомбылығына қарсылық әрекеттері кеңінен өріс алды.

Шаруалар қозғалысының 2-кезеңі КСРО ОАК мен Халком Кеңесінің 1930 жылғы 1 ақпандағы кулактар мен байларды тап ретінде жою туралы қаулысын іске асыру барысында ауқатты және орта шаруаны жаппай қудалау, өкіметке мал, азық-түлік дайындау науқанын шектен тыс үдету нәтижесімен тығыз байланысты болды. 1930 жылы ақпан — наурыз айларында Қазақстанның барлық жерлерінде толқулар, жете ұйымдаспаған бас көтерулер орын алды. Олардың көпшілігі қанды қақтығыстарға ұласты. 1930 жылы ақпан — наурыз айларында Созақ, Ырғыз, Қазалы, Қордай, Биен-Ақсу, Бәрібаев, Жаңақала, Қарақұм, Өскемен, Зырян, Самара және басқа аудандарда шаруалардың қарулы көтерілістері болып өтті. Адай округіндегі қарулы қарсылық 1932 жылы жазға дейін жалғасты (Адай көтерілісі). Олардың көпшілігінде экономикалық қана емес, саяси ахуалға байланысты талаптар да қойылды. Нашар қаруланған шаруа көтерілістері әскер күшімен, кей жерлерде тұрақты әскер бөлімдерінің ірі күштерін шақыру (Ырғыз, Қарақұм, Созақ т.б. көтерілістері) арқылы аяусыз басылды. Оларға қатынасқандар қатаң жазаланды. Бірақ үкіметтің зорлық-зомбылық саясатына қарсылық жалғасып, 1930 жылы жазда Адай, Қызылқұм т.б. жерлерде көтерілістердің жаңа ошақтары пайда болып, халық қарсылығы жалғаса берді. Шаруалар қозғалысының 3-кезеңі 1931 жылы қаңтар айында жүргізілген мемлекетке мал өткізу науқанына байланысты өрбіді. Бұл шаруалардың сағын сындырып, жаппай колхоздастыру науқанына көндірген кез болатын. Бірақ өкімет Қазақстанға мал басының сарқылмас көзі ретінде ғана қарап, 1931 жылы респ-ның өзінде қалған басы артық малдың бәрін тартып алды. Ашаршылық нәубеті төнген халық босқындыққа душар болды. Абыралы, Шұбартау, Шыңғыстау және басқа аудандарда, бұрынғы Адай округінде бұл күресті басуға жіберілген әскер шаруаларды жаппай қырғынға ұшыратты.

Ресми деректер бойынша 1929 — 1931 жылдары Қазақстанда 372 көтеріліс пен қақтығыс, 210 толқу мен бүлікшілік болып өтті. Тек ірі көтерілістер мен толқулар ғана 80 мыңдай адамды қамтыды. Соларға қатынасқан 5500-ден астам шаруа ату жазасына кесілді және әр түрлі мерзімге сотталды. Көпшілігі жер аударылды. Қозғалыс шаруалардың жаппай үдере көшуіне әкеліп соқты. Еділ бойына 40 мың, Қырғызстанға 100 мыңға тарта, Батыс Сібірге 50 мың, Қарақалпақстанға 20 мыңнан астам, Өзбекстан мен Тәжікстанға 50 мыңдай адам ауа көшті. Шаруалардың біразы Қытайға т.б. жерлерге өтіп кетті (қ. Босқыншылық). Мал басы 45 млн-нан 3,5 млн-ға дейін күрт төмендеді. Елді жаппай ашаршылық меңдеді. Қозғалыс жете ұйымдаспағанына қарамастан қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің жалғасына айналды. Бұл қозғалыс туралы шындық тек 90-жылдардың басында ғана ашық айтыла бастады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *