АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ — кезекті санақ пен ағымдағы статистикада жеке бөлініп есептелетін тұрғындар жиынтығы. Ауыл тұрғындарының отбасы көлемі үлкен, отбасылық қарым-қатынастары тығыз, ал табиғи өсімі қарқынды болып келеді. Қазақ халқы бұрынғы дәстүрлі ауыл тұрғындарынан құралған. Тек соңғы 20 ғ-да ғана ескі ауылдың ыдырауына байланысты жаңаша шоғырланған ауыл мен қала тұрғындары көбейе бастады. Демографиялық зерттеулер бойынша, ауыл тұрғындарының проценті төмендегідей болды: 1897 жылы —99:1%, 1926 жылы — 98:2%; 1939 жылы — 84:16%; 1959 ж. — 76:24%; 1970 жылы —73:27%; 1979 жылы — 69:31%; 1989 жылы — 60:40%; 1997 жылы — 53:47%. Демографиялық болжамдар бойынша бұл үрдіс нарық кезінде қайтадан дала-қала көші-қоны арқылы үдей түсіп, 2000 жылы қала мен ауыл тұрғындары 50:50% болып теңеседі деген жорамал бар. Қазақстанда ауыл тұрғындарының еңбек өнімділігі өсе келе ауыл тұрғындарының проценті төмендей бермек.