АУЫЛ ТІЛІ — газет. РК(б)П ОК-тінің 1925 жылы наурыз айындағы қазақ баспасөзі туралы қаулысына орай Қызылорда қаласында (27.07.1926-12.02.1929) шығып тұрды. Құрылтайшылары: Қазақ өлкелік партия комитеті, ҚАКСР ОАК-і, кәсіпшілер одағы, Сырдария губерниялық партия комитеті мен атқару комитеті. Алғашқы редакторлары — Жалау Мыңбаев, Елтай Ерназаров, Бейімбет Майлин. Газеттің негізгі бөлімі “Ауыл тұрмысында” ауылдағы өзгерістер, шаруалар жайы, жұмысты жақсарту шаралары жазылды. С.Сейфуллиннің “Ауыл байғұс, мінекей”, С.Мұқановтың “Қысқы кіреші” өлеңдері, Б.Майлиннің “Рахиланың көк тұсағы” әңгімесі, І.Жансүгіровтің “Қонақтар мен қожайын” сықағы ең алғаш осы газетте жарияланды. “Ауыл тілі” елді кеңестендіру, шаруаларды өкімет ісіне қатыстыру, жұмысшылар мен шаруалар одағын күшейту саясатын насихаттады