АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІ — тарихи құжаттар сақталған облыстық мекеме. 1928 ж. округтық архив болып құрылған. Қазақ АКСР-і Орталық архиві Орал бөлімшесі (1931), қайтадан округтік архив (1933), 1938 жылдан бастап Гурьев облысы мемл. архиві аталды. Архивте Адай, Гурьев, Маңғыстау уездік ревкомдарының, кеңестердің жергілікті атқару к-ттерінің, мемл., қоғамдық, кооп. ұйымдардың, кәсіподақтарының, өндіріс кәсіпорындарының, құрылыс мекемелерінің, ұжымшарлардың, кеңшарлардың, оқу орындарының, денсаулық сақтау, мәдениет орындарының, өлкенің көрнекті азаматтарының жеке қорлары сақталған. Респ. мәні бар ірі кәсіпорында — “Ембімұнай”, “Қазақстанмұнай” бірлестіктері, Орал — Каспий балық тресі және т.б. туралы деректер молынан жинақталған. 1992 ж. А.о.м. а-нің құрамына бұрынғы Гурьев облыстық партия архивінің құжаттары алынды. Құжаттар хронологиясы 1917 жылдан басталады.