АТЫРАУ МАШИНА ЖАСАУ ЗАУЫТЫ, 1918 жылдың аяғында су және темір жол көліктеріне қызмет жасау үшін Атырауда механикалық шеберхана құрылды. 1922 жылдан бастап, шеберхана мұнай құрал жабдықтарының қосалқы бөлшектерін шығару мен жөндеуге қайта мамандандырылды да, «Ембімұнай» комбинатының қарамағына берілді. Ұлы Отан соғысы басталғанда Атырауға Донбастан көшіп келген Петровский атындағы машина жасау зауыты осы шеберхана негізінде калыптасқан жөндеу-механикалық зауытымен қосылып, бүгінгі машина жасау кәсіпорнына айналды. Петровский атындағы машина жасау зауыты —мұнай кәсіпшілігіне және геологиялық барлау жұмыстарына қажетті аспаптар мен қосалқы бөлшектерді, насостар, балшық араластыратын машиналар, тракторлардың қосалқы бөлшектерін т.б. шығаратын ірі кәсіпорын. Зауыт 1921 ж. “Ембімұнай” тресінің мех. шеберханасы негізінде мех. зауыт болып құрылған. 1941 ж. қазан айында Донбастан көшірілген Петровский атындағы зауытпен біріктірілді. Зауытта токарлық станоктар, 8 шпиндельді оймалауыш, жартылай автоматты станоктар, сегментті араларды қайрайтын жартылай автоматтар, жоғары өнімді престер т.б. жабдықтар өндіру игерілген. 1985 жылдан бастап автоматтандырылған желілер, металл өңдеудің қазіргі заманғы технологиялары (престеу, қалыптау, автоматты түрде пісіру, металдарды дайындау мен дәл пішу тәсілі) енгізілді. Зауытта 1995 жылдан бастап еліміздің мұнай өнеркәсібіне қажетті құрал-саймандарды шығару қолға алынды.Шикізат ретінде зауыт әр түрлі болат, шойын, түсті қорытпаларды пайдаланады. Металл зауытқа әр түрлі металлургиялық кәсіпорындардан, оның ішінде Қарағандыдан түседі. Зауыт өнімі негізінен Атырау және Маңғыстаудың мұнай кәсіпшіліктерінің мұқтаждарын қамтамасыз етуге кетеді.Зауыт 1993 жылы мұнай жабдықтарын шығаратын акционерлік қоғам болып қайта құрылды.