АЭРОДИНАМИКА (көне грекше: aēr – ауа және dynamic – күш) — ауаның қозғалыс заңдарын және онда қозғалатын денелердің бетіне әсер ететін күштерді зерттейтін динамиканың бөлімі. Авиация, космостық-ракета, артиллерия және басқа техникаларды жоспарлау кезінде кеңінен қолданылады. Аэродинамика теориялық (газ қозғалысының зандылығын және оның денеге ықпал етуін зерделейді) және эксперименттік (газ қозғалысын және оның айнала ағу денелерімен, атап айтқанда, аэродинамикалық трубалар мәделдеріндегі немесе ұшу аппараттарында өзара әрекетін зерттейді) болып бөлінеді. Аэродинамиканың негізгі мақсаты — қозғалыстағы денеге газ әсер ету кезінде пайда болатын күш пен жағдайды, ұшу аппараттарының аэродинамикалық сипатқа ие болуын зерделеу.Аэродинамика жеке ғылым ретінде 20 ғасырдың бас кезінде авиацияның дамуына байланысты қалыптасты. Аэродинамикада жылдамдығы дыбыс жылдамдығынан төмен (340 м/с-тан төмен) қозғалыстар қарастырылады. Сондықтан ол ұшу аппараттарын, қалақты машиналарды, т.б. жасаудың теория негізі болып табылады. Аэродинамиканың негізгі шешетін мәселесі – аэродинамикалық көтеруші күшті жоғарылату, аэродинамикалық кедергіні азайту жолдарын іздестіру. Аэродинамика теориясы аэромеханикалық теңдеулер түрінде дәлелденеді. Аэродинамиканың тәжірибелік әдістері арқылы (мысалы, аэродинамикалық құбырда сынау) ұқсастық теориясына сүйене отырып ұшу аппараттарына әсер ететін аэродинамик. күштер (алдымен кішірейтілген модельді сынау арқылы) анықталады. Ал авиациялық емес аэродинамикада (Өнеркәсіптік аэродинамика) жел қозғалтқышы, ауа ағынды аппараттар (эжекторлар), желдеткіш техникасы (ауа кондиционерлері), жер көлігінің (автомобильдер, поездар) қозғалысына байланысты пайда болатын аэродинамикалық күштер, сондай-ақ үйлер мен ғимараттарға желдің әсері, т.б. қарастырылады.