АЭРОГЕОФИЗИКАЛЫҚ ТӘСІЛДЕР, аэрогеофизика — ұшаққа орнатылған аспаптар арқылы жер қыртысын түсіру, зерттеу, кен орындарын іздеу және барлау; геофизика тәсілдердің арнаулы түрлеріне жатады. Барлық аэрогеофизикалық тәсілдер тау жыныстарының физика қасиеттерін өлшеуге негізделген.Аэрогеофизикалық тәсілдердің аэромагниттік түсіру, аэроэлектрлік барлау, аэрорадиометриялық түсіру, аэрогравиметриялық өлшеу деп аталатын түрлері бар. Аэромагниттік түсіру ұшақтарда қондырылған аэромагнитометрмен Жер магнит өрісінің толық векторының (Т) өсуін немесе оның тік құраушысының өсуін өлшеуге негізделеді. Тау жыныстары мен кен денелерінің магниттік өрісінде елеулі айырмашылық болатындықтан, аэромагниттік түсіру арқылы темір, боксит, титанмагнетит кентастарын табу, геол. карта жасау, кен орны құрылымын анықтау жұмыстары жүргізіледі. Аэроэлектрлік барлау тәсілі тау жыныстарының электрлік қасиеттері мен электрмагниттік өрістерінің кернеулігін және полярлануын өлшеуге негізделген. Оған шексіз ұзын өткізгіш, индукция, айнымалы магнит өрісі, жердің табиғи электрмагниттік өрісін өлшеу тәсілдері жатады. Оларды әр түрлі кен орындарын іздеуге, геол. карта түсіруге, тұщы су көздерін іздеу мен көп жылдық тоңы бар аудандарды зерттеуге пайдаланады.