АЩЫСАЙ ҚОРҒАСЫН-МЫРЫШ КЕН ОРНЫ – Оңт.Қазақстан облысында, Кентау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 24 км жерде орналасқан. Полиметалл кендеріне жатады. 1866 жылы орыс табиғат зерттеушісі Н.А. Северцов сипаттаған. 1868 жылы орыс көпесі И.Первушин Қаратау аймағындағы басқа кендермен бірге Ащысай кенін де қазақтардан 1200 сом ақшаға сатып алған. Ал орыстың басқа бір көпесі Иванов 9 жыл аралығында (1883-1886 және 1895-1899 жылдары) Ащысай кенінен 357 т таза қорғасын өндірген. Бұл кен орны 1934 жылы Шымкент қорғасын зауытын салуға негіз болған. 1936 жылдан қорғасын кентасы өндіріледі. Ащысай қорғасын-мырыш кен орны бірнеше тектоникалық жарылымдар бойынша қыртысталған Белмазар синклиналінің шығысындағы девон, тас көмір кезеңдерінің әктас, доломит және саздан тұратын аралас тау жыныстарынан құралған. Кен орнының ұзындығы 500 м, ені 100, тереңд. 450 м-ге дейін. Ол діңгек, талшыбық, желі, тамыр сияқты тармақталған кен денелерінен тұрады. Олардың қалыңдығы 2-5 м аралығында. Кен сульфид және оксид кентастарынан құралған. Негізгі минералдары – пирит, сфалерит, галенит, кальцит, доломит, барит, церруссит, гидрогетит, гетит, смитсонит, липсонит, халцедон. Шикізат Шымкент қорғасын зауытына жіберіледі.