АТЫРАУБАЛЫҚ — балық аулаумен және оны өңдеумен шұғылданатын Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын. “Лицпромстрой” цехы (1931), Гурьев балық консерві комбинаты (1933) негізінде құрылған. 1958 ж. Гурьев өндірістік балық өнеркәсібі басқармасы болып аталды. 1976 ж. ірі бірлестікке айналды. Құрамында: Атырау кеме жөндеу зауыты, Шортанбай балық зауыты, сондай-ақ балық зауыты автобазасы, машина мелиорация ст-сы, материалдық-тех. жабдықтау және өткізу мекемесі, 9 цех (құтылау, өндірістік уылдырық-балық, қабылдау-тасымал т.б.) және 9 балық аулау серіктестігі бар. Өндірістік цехтары қайта жабдықталып, кеңейтілген. Жаңа уылдырық цехы, айлақ жолы салынып, қуатты крандар орнатылды. 9 жүзбелі уылдырық зауыты жұмыс істейді. Мұнда уылдырық пен балық өнімдерін шығаратын автоматты және кешенді механикаландырылған желілер бар. Өнімнің жаңа түрлерін шығару игерілген. Бекіре балығынан құтыланған өнімнің бірнеше түрі шығарылады. Бірлестікте шығарылған жалпы өнім соңғы елу жылда (1948 — 98) 11 есе өсті. 1992 ж. кәсіпорын акционерлік қоғамға айналып, бірлестік акциясының 40 проценттен астамын Кавске (Швейцария) және Ковинреке (Германия) фирмалары иеленді (1998). 1997 ж. “Ракушка” кентінде Қазақстанда алғаш рет, жылына 3 млн. бекіре тұқымдас балық шабақтарын өсіретін зауыт іске қосылды. Бат. Еуропа, Таяу Шығыс т.б. елдерге өз өнімдерін шығарады.