АТШАБАРОВ Бахия Атшабарұлы (1.11.1919 ж. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қарақұс ауылы) — ғалым, медицина ғылымдарының докторы (1967), профессор (1969), Қазақстан ғылым академиясының корреспондент мүшесі (1975), Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері (1961). Алматы медицина институтын бітірген (1942). 1942 — 1945 ж. Отан соғысына қатысқан. 1952 — 1984 ж. Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, директорының орынбасары, директоры болды.Бахияның негізгі ғылыми еңбектері еңбек гигиенасы, кәсіби аурулар, әсіресе қорғасыннан улану кезінде зақымданған жүйке жүйесінің патогенезі мен клиникасына арналған. Бахия Семей полигонының адамдар денсаулығына тигізетін зиянын тексеріп, полигонның оңтүстік аймағында созылмалы сәуле аурулары адамдар мен жануарларда жиі болатынын анықтады. Сондай-ақ ол халықтық медицина тарихын зерттеумен де айналысты. Бахия 200 ғыл. еңбектің, оның ішінде 11 монография мен 7 авторлық куәліктің иегері. Оның жетекшілігімен 15 докторлық, 35 кандидаттық диссертация қорғалған. Еңбек Қызыл Ту, Қазан революциясы, 2 рет Қызыл Жұлдыз орденімен, медальдармен марапатталған.