АТТЫ ӘСКЕР — әскер түрі, атты-қарулы жасақ. 20 ғ-дың 30-40 жылдарына дейін негізгі соғыс күші болып саналған. Шабуыл кезінде не қорғаныста жеке әрекет етіп, жер жағдайын талғамай тұтқиылдан тиісуге оңтайлылығымен ерекшеленеді. Атты әскер өте ертеде Азия елдерінде пайда болған. Ұрыстарда шешуші рөл атқарған. Қазақ халқының ерте заманнан бергі жауынгерлік жорықтары атты әскермен байланысты. Қазақ хандары (15-19 ғ.) арнаулы атты жасақ ұстаған. Жаугершілік кездері олардың құрамы 100 мыңға дейін жетіп отырған. Азамат соғысы жылдарында кеңес әскерінің жауға қарсы басты соққы беретін күші атты әскер болды. Қазақстанда азамат соғысының алғашқы кезінен бастап-ақ ұлттық атты әскер құрыла бастады. Оны қалыптастыруда Ә.Жангелдин, А.Иманов, Т.Әлиев, Б.Жанекешев ерекше еңбек сіңірді. Ұлы Отан соғысы барысында Кеңес Армиясының Атты әскер құрамалары әскердің басқа
түрлерімен бірлесе отырып, аса ірі шешуші ұрыстарға қатысты. Қарулы Күштерге ғылым, тех. жетістіктерінің толық енгізілуіне байланысты атты әскер өз маңызын жойды.