АТОМ ӨНЕРКӘСІБІ

АТОМ ӨНЕРКӘСІБІ — уран кенін өндіру, өңдеумен шұғылданатын, одан атом энергиясын (ядролық энергияны) өндіретін және сол энергияны пайдаланып жұмыс істейтін өнеркәсіп саласы. Ядролық энергия өнеркәсіпте, ғылымда, медицинада және басқа салаларда пайдаланылады. Дүн. жүз. тәжірибеде А. ө-нің әскери және азаматтық бағыттары қалыптасқан. А. ө. атом ядросының ыдырау процесінен туатын энергияны пайдалану принципімен жұмыс істейтін атом электр стансасын (АЭС) салу, ядролық энергияны пайдаланып кеме, поезд жүргізуге және самолет, ракета ұшыруға арналған қондырғы — атом қозғалтқышын жасау негізінде дамыды. А. ө. 50-жылдардың орта шенінде, атап айтқанда, 1954 ж. бұрынғы КСРО-да (Обнинск қ.) тұңғыш АЭС (қуаты 5 Мвт) іске қосылғаннан кейін жеке өнеркәсіп саласы болып қалыптасты. Бұдан кейін Колдерохоллда (Англия, 1956), Шиппингпортта (АҚШ, 1957) АЭС-тары іске қосылды. 1997 ж. барлығы 437 АЭС жұмыс істеді. Олар дүн. жүзіндегі электр қуатының 17ы-ін өндірді. Қазақстан уран қорының молдығы жөнінен дүн. жүз-де 1-орынды иемденеді. 50-жылдардан бастап Қазақстандағы 20 кен орнында уран өндіру жұмыстары жүргізілді.Қазақстанның барлық аймақтарында уран өндірумен айналысатын өндіріс орындары бар. Олардың ең ірілері: Тың тау-кен химия комбинаты (Орт. Қазақстан), Ертіс химия-металлургия зауыты (Шығыс Қазақстан), Каспий жағалауы тау-кен металлургия комбинаты (Батыс Қазақстан), Оңтүстік Қазақстан кен басқармасы, т.б. Қазақстандағы тұңғыш АЭС Ақтау қаласында салынған (1973) шапшаң нейтронмен жұмыс істейтін БН-350 реакторы бар энергия комбинаты. Ол Маңғыстау облысын энергиямен жабдықтайды, сондай-ақ, әлемдегі су тазартатын бірден-бір атомдық қондырғы болып табылады (реакторды 2003ж. тоқтату көзделген). Бұдан басқа Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығында 4 зерттеу реакторы жұмыс істейді. Оның 3-еуі Курчатов қаласының маңында, 1-еуі Алматы қаласының жанындағы Алатау қалашығында орналасқан. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *