АТОМ ЭНЕРГИЯСЫ ЖӨНІНДЕГІ АГЕНТТІК , Қазақстан Республикасы Білім министрлігі Ғылым академиясының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі — атом энергиясын пайдалану және ядролық қаруларды таратпау жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын басқару органы. ҚР Президентінің 1992 ж. 15 мамырдағы Жарлығымен құрылған. Агенттік өзінің уәкілеттеріне сәйкес ядролық қызметті жүргізу жөніндегі өтініштерді қарап, лицензия береді; лицензия шарттарының сақталуына мемлекет қадағалау орнатып, ядролық қызмет саласында қолдануға міндетті құжаттар тізімін бекітіп, қағидалар мен принциптерді анықтайды, меншік түріне және әкімшілік бағыныштылығына қарамастан заңды тұлғалар мен жекелеген азаматтардың іс-әрекетін бақылайды; ядролық қаруларды таратпаудың және ядролық энергияны қауіпсіз пайдаланудың халықаралық режимін қамтамасыз етуге байланысты қызметтерді атқарып, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) өзара ықпалдасу шараларын іске асырып, үйлестіріп отырады; арнаулы бейядролық материалдар мен ядролық технологияларды экспорттау және импортқа алу ісіне мемл. бақылау орнатып, арнаулы халықар. ұйымдармен, өзге мемл-тердің қадағалау органдарымен кәсіби байланысты өрістетіп, қажетті ғылыми-зертттеу жұмыстар жүргізеді, осы саладағы халықаралық ынтымақтастыққа қатысады.