АТБАСАР–ЖЕЗҚАЗҒАН–ШУ МЫС БЕЛДЕУІ – Көкшетау антиклинорийінен Тянь-Шань жоталарына дейін 2000 км-ге доға тәрізді созылған ірі геологиялық құрылым. Ені 200-300 км. Атбасар–Жезқазған–Шу мыс белдеуі Көкшетау – Солтүстік Тянь-Шань қатпарлы жүйесін бойлап жатыр. Белдеуде палеозойлық жыныстар кешені екі сатылы құрылымдарға біріккен. Төменгі саты – кембрий-девонжыныстары. Олар бойлық бағытта күрделі антиклинорийлер мен синклинорийлер құрып, аймақтық жарылымдармен және палеорифтермен шектелген. Жоғарғы саты – орта девон-пермькешендері. Олар герциндік геотектоникалық қозғалыстардың әсерінен ендік бағыттағы ірі жарылымдармен бөлініп қатпарланған. Белдеу бойы осындай тектоникалық блоктарға (30 – 60 км) жіктелген.Кен орындары мен кен көздері тектоникалық блоктардың бұрыштарына жақын орналасып, регматикалық «адым» (тектоникалық заңдылық) бойынша кен топтарын құрған. Олардың басым бөлігі кейінгі жыныстармен көмкерілген. Сондықтан ірі кен алқаптары жер бетінде әр түрлі қашықтықта кездеседі, олар (солтүстіктен оңтүстікке қарай): Атбасар, Алтынқазған – Қима, Қызылоба – Балталы, Шарықты, Кенен Әзірбаев, Әулиетас, Теректі, Ұлытау, Жыланды, Жезқазған. Жыланды кен алқабында өндірістік маңызы бар 5 кен орны (Итауыз, Сарыоба, Қарашошақ, Қыпшақбай, Айранбай, т.б.) орналасқан. Жезқазған кен өрісінде Қумола, Жезқазған, Қаракеңгір, Үйтас, т.б. кен орындары қалыптасқан. Жезқазғаннан оңтүстікке қарай Жаман Айбат ірі мыс кені, Солтүстік және Оңтүстік Шу кен топтары, Шоқпар кен көздері топтасқан. Мыс белдеуінің батыс шетіндегі Қаратау антиклинорийі бойында да ұсақ мыс кендері тізбектеліп Қырғызстан аумағына жалғасып кетеді. Атбасар-Жезқазған-Шу мыс белдеуі бойында тек Жезқазған және Жыланды кендер тобы толық барланып өндіріске қосылған, ал Жаман Айбат кені өндіріске дайын.