АТБАСАР — қала, Ақмола облысы Атбасар ауданының орталығы (1928).
Іргетасы 1846 жылы қаланған. 19 ғасырдың 40 – 50 жылдары өзі аттас округтың, 1869 жылданАқмола облысы Сарысу уезінің орталығы болды. Қазан төңкерісіне дейін мұнда жыл сайын Атбасар (Петров) жәрмеңкесі өткізіліп тұрды. 1928 жылдан аудан орталығына айналды. Ақмола – Қарталы (Ресей) темір жолының салынуы (1940) қаланың одан әрі дамуына қолайлы жағдай жасады. Ұлы Отан соғысы кезінде сырттан көптеген тұрғындар мен бірнеше кәсіпорын көшіріп әкелінді. Тың жерлердің игерілуі қаланы ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін ірі кәсіпорын орталығына айналдырды. Астана қаласынан солтүстік-батысқа қарай 232 км жерде, Жабай өзенінің (Есілдің бір саласы) оң жағалауына орналасқан. Тұрғындар саны:3 мың адам (1897);35,3 мың адам (1997); Атбасарда толық механикаландырылған, жаңа техникамен жабдықталған. Қазақстандағы ең ірі элеватор, автомобиль, ауыл шаруашылығы техникасын жөндейтін, құрылыс материалдарын шығаратын, т.б. кәсіпорындар жұмыс істейді.Ауыл шаруашылығын механикаландыратын және электрлендіретін мамандар даярлайтын колледж, орта және орталау, музыка мектептері бар.