АТАУЛЫ СӨЙЛЕМ — жай сөйлемнің түрі. Ойға қатысты бір ғана атауыш сөзден немесе сөз тіркесінен арнаулы интонациясы арқылы логик. ыңғайда құралып, баяндау мазмұны мәтінге қатысты айқындалатын бір құрамды сөйлем. А. с. мағынасы жағынан: а) заттың, құбылыстың, болмыстың ақиқаттығын бейнелей атап көрсетеді: Айдала. Көлдің биік қабағы… Күн батып барады (С. Мұқанов); ә) ақиқатты эмоциялы-сезімдік ыңғайда атап көрсетеді: Шіркіннің күлкісі!.. (Б. Майлин). А. с. зат есімнен, сонымен бірге заттанған сан есімнен (Екі. Нашар оқитындарға таңылар белгісі — осы), сын есімнен (Шыжыған ыстық. Күйіп тұр.), есімдіктен (Сол. Еркіннің дәл өзі.), есімше, қимыл есімдерінен де жасалады. Құрамы жағынан жалаң, жайылма, дара, күрделі болады: Үскірік. Аяз. Тұлданаған күн. Ауыл. Үй саны жиырма шақты (Б. Майлин). Оқымай кеткір! Көзі ашық қой, жөн сілтейді ғой десем, жаудың табанына салып бермек (Б. Майлин). А.с. көркем әдебиетте ойды ықшам да бейнелі етіп, кейіпкер мінезін аша түсу үшін қолданылады.