АТАСУ МИНЕРАЛДЫ СУЫ – Қарағанды облысы Атасу темір жол станциясынан солтүстікке қарай 50 км жерде орналасқан шипалы жер асты су көзі. Сулы қабат 80 м-ден төмен тереңдіктегі девон кезеңінің жарықшақтанған құмтастарынан түзілген. Ұңғымадан шығатын судың тәуліктік мөлш. 200 м3-ден астам. Судың минералдылығы 3,7 г/л, ол хлоридті-сульфатты натрийлі түрге жатады. Құрамында стронций, бром, фтор, т.б. элементтер болғандықтан, бұл минералды су асқазан, ішек, бауыр ауруларын емдеуге шипалы. Атасу минералды суы жергілікті тау-кен кәсіпорындарының емдеу-сауықтыру мекемелерінде пайдаланылады.