«АТАМҰРА», полиграфия, баспа ісі, кітап саудасы бойынша маманданған корпорация. 1992 жылы құрылған.
Президенті баспагер-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед. «Атамұра» корпорациясы: «Атамұра» баспасы, «Атамұра» полиграфкомбинаты, транспорт компаниясы, мамандандырылған кітап үйлерінен тұрады. «Атамұра» баспасы барлық полиграфиялық өнімдер — оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар (ОӘҚ), ғылыми, ғылыми-танымдық, көркем-әдеби, энциклопедиялық басылымдар шығаратын әмбебап баспа. Баспа әр турлі тендерлердің, соның ішінде 1997-2000 жылдары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Азия даму банкі ұйымдастырған тендердің жеңімпазы. «Атамұра» «Әліппе» мен «Букварьдан» бастап 1-7-сынып оқулықтарын: қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек тілдерінде және 8-11-сыныптардың балама оқулықтарын қазақ, орыс тілдерінде басып шығарды.[1] 300-ден астам оқулық пен 600-дей оқу-әдістемелік кешендері 43,7 млн данатаралыммен жарық көрді. Баспа ұлы Абайдың 150 жылдығы қарсаңында «Абай» тұлғалық энциклопедиясын басып шығарды. Баспадан Абайдың даналық дұниетанымын саралауға арналған абайтанушы-ғалым, академик Ғарифолла Есімовтің «Хакім Абай» кітабы (1994) және белгілі әдебиетші, абайтанушы-ғалым Қ. Мұқаметхановтың «Абай мүрагерлері» (1995) атты зерттеу еңбегі жарық көрді. «Атамұра кітапханасы» сериясымен елге белгілі ақын-жазушылардың туындылары, қазақ әдебиетінің үздік үлгілері басылып шықты. «Атамұра кітапханасының» көшін Абайдың «Қалың елім, қазағым» өлеңдер жинағы бастады. М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні» атты әңгімелер мен повестер жинағы жарық көрді. Ұлы Мұхаңның 100 жылдық мерекесіне орай «Әуезов және архив» аталатын деректі құжаттар жинағы және Н. А.Анастасьевтің «Трагедия триумфатора» романы басылып шықты. «Әуезов» энциклопедиясы «Атамұра» баспасында әзірленіп, жарық көрді.