“АТАКЕНТ” — Қазақстандағы іскерлік ынтымақтастық орталығы, акционерлік қоғам. 1992 ж. ҚР Министрлер Кабинетінің қаулысымен құрылған. Негізгі мақсаты — экон. және өндірістік-коммерц. байланыстардың, іскерлік ынтымақтастықтың, кәсіпкерліктің, отандық экономиканың әлемдік экон. жүйемен интеграц. байланысының дамуына ықпал жасау. Құрылтайшылары — республиканың ірі компаниялары, банктері және жеке кәсіпкерлер. Құрамында алты еншілес фирма мен компания бар. Олар “Атакент-Экспо”, “Көрме сервис”, халықар. “Атакент-Сауда” сауда үйі, “Атакент-Сақтық”, “Атакент-Отель”, “Атадан” Қазақстан-Германия бірлескен кәсіпорны. “Атакент-Экспо” халықаралық ұлттық арнайы көрмелер ұйымдастырады. Жәрмеңке, бизнес-байланыстар ұйымдастырып, конференциялар өткізеді, көрме стендтері құрылысы мен безендіру жұмыстарын жүргізеді. “Көрме-Сервис” коммуникац. қызметпен толық қамтамасыз етеді. Халықар. “Атакент-Сауда” сауда үйі халықар. сауда жұмысын, тауарларды сату алдындағы дайындық және маркетинг, консигнация (тауарды сату үшін несиеге беру) жұмыстарын орындайды. “Атакент-Сақтық” коммерц. қаржыны сақтандырады. “Атакент-Отель” шетелдік фирмалар мен компаниялар өкілдерін қабылдау, орналастыру және сервистік қызмет көрсету ісімен шұғылданады. Ал, “Атадан” Қазақстан-германия бірлескен кәсіпорны шетелдік, отандық фирмалар ұйымдастырған жәрмеңкелер мен көрмелердің барлық түріне қызмет көрсетеді. “А.” акицон. қоғамының иелігінде 650 мың м2 жер бар, оның 15 мың м2-інде үйлер, ғимараттар және түрлі құрылыс объектілері орналасқан. Олардың көбісі көрме жұмысына лайықталып салынған ғимараттар, көрме алаңдары т.б. құрылыстар.