АС ТҰЗЫ КЕНДЕРІ –мөлшері ұзақ уақы бойы ас тұзын өндірістік жолмен өндіруге жарамды кен орындар. Ас тұзы кендері тұзды көлдер, қазба тұздар және жер асты тұзды сулары болып үшке бөлінеді. Тұзды көлдерге суында 3,5%-дан жоғары тұзы бар көлдер жатады. Қазақстанда олар Каспий маңы ойпатында, Арал ойысында, Балқаш маңында, Ертіс, Есіл, тағы басқа өзен аңғарларында таралған. Қазба Ас тұзы кендері аридтік климат жағдайларында, теңіз қолтықтары мен теңізден бөлінген шығанақтардағы тұзға бай сулардың буланып суалуынан, тұздардың қайта кристалдануы мен шөгуі нәтижесінде қалыптасқан. Сондай-ақ қазба тұздар тұнба түрінде кейбір тұзды көлдерде (Басқұншақ, Индер) және осы күнгі теңізге жақын көлдер мен қолтықтарда (Каспийдегі Қарабұғаз, Аралдағы Жақсықылыш) кездеседі. Олардағы тұз массасы жылжымалы тепе-теңдік күйде болатын тұзды судан, тұздықтан және қатты тұздан тұрады. Тұз шоғырлары әдетте қабат, линза, шток түрінде түзілген. Жер асты тұзды сулары (тұздықтар) тау жыныстары құрамындағы тұздардың үздіксіз еріп аса қанығуынан пайда болады. Ас тұзы кендерінен тұз өндіру ашық және жер асты кен қазу тәсілдермен не бұрғылау ұңғымалары арқылы су айдап еріту және судағы тұзды тұндыру арқылы жүргізіледі. Тұзды көлдердегі ас тұзы табиғи тұнбадан не арнаулы бассейндерде тұзды суды суалту арқылы алынады.