Асыл металдар — алтын, күміс, платина және осы платина тобының металдары (иридий, осмий, палладий, рутений, родий). Асыл металдар химиялық әсерге тұрақтылығымен, оңай иілгіштігімен (алтын, күміс), баяу балқитындығымен (платина, т.б.) және әсемдігімен ерекшеленеді. Асыл металдардың құрамында аз да болса қоспалар кездеседі. Ондай қоспалардан асыл металдарды сумен жуу, амальгамалау, цианды тұздар ерітінділерінде сүзу, тұндыру және аффинаждау сияқты әр түрлі әдістер арқылы тазартып алады. Асыл металдардың беріктігін арттыру үшін құрамына мыс, мырыш, никель, т.б. металдар қосады[2]. Олардың құймаларынан құнды бұйымдар, металл ақша, медальдар, тіс протезін жасайды. Коррозияға төзімді болғандықтан платина мен оның құймаларын электрод және терможұп жасауға, сондай-ақ химиялық өндірісінде әр түрлі құрал-жабдықтар жасауға пайдаланады. Ал платина және платиндік металдар катализатор ретінде әр түрлі катализдік процестерде, техникада қолданылады. Қазақстанда асыл металдардан алтын және күміс өндіріледі.