Асылбек Көбешұлы (1852, Алтай, Қобда өңірі — шамамен 1890, сонда) — батыр. Көбеш батырдың отбасында дүниеге келген. Қытай өкіметі Алтай қазақтарына “Шыдасаң осы, шыдамасаң өз обалың өзіңе” деген қатал саясатын қолдана отырып, 1890 ж. Қобда өңірі қазақтарына қысым көрсете бастады. Асылбек бастаған жергілікті қазақтар заңсыз салыққа қарсы шығып, өздері орын тепкен мекендерінен ешқайда көшпейтінін білдірді. 1890 ж. жазда Пекиннен қарулы әскер бастап келген Шаһадүр анбан “Империяның жарлығына қарсы шыққан жүгенсізді қолымызға салыңдар, әйтпесе ауылдарың мен мал-жандарыңызды шабамыз” деген талап қойды. Ел басына күн туған осы бір қысылтаяң сәтте Асылбек ұрпақтарының келешегі үшін жау қолына өзі барып, құрбан болды. Бұл оқиға Моңғолия қазақтарының жадында “Асылбектің басын алған жыл” деген атпен тарихта қалған. Асылбектің денесі Баянөлгий аймағындағы Дайынның Қу үйі деген жерде жерленген.