АСЫЛАР – Асилар, (исседондар) – ежелгі Қазақстандағы сақ тайпасы. Геродоттың жазба дерегі бойынша, А. қазақ даласын мекендеген үлкен тайпа болған. Батыста кіші Қаратаудыңжарқабақты жотасы арқылы арыс тайпасымен шектесіп, жазықтағы Асы өз-нің аңғарынан бастап шығысқа қарай Талас, Шу, Іле өзендерінің аңғарларынан тарбағатай мен Алтайға дейінгі аралықты мекендеген. Оңтүстігін Тәңіртау шектеген. Жазға салым Сарыарқаны жайлап, суық түскенде Ыстықкөлдің айналасындағы жайлы мекендерді қыстаған. А-дың негізгі мекені – Жетісу. Мал бағып,егін салып, тау-кен өндірісімен айналысқан. Қазіргі Алматы обл-ның Райымбек ауд. жеріндегі байырғы Тұйық, Қордайдағы ежелгі Жайсаң мен Шатырқұл кеніштерін алғаш А-лар қазған. Өндірілген мыс, қола, алтын, күмістен қару-жарақ, еңбек құралдарын, зергерлік бұйымдарын жасаған. Қазіргі Ақсу – Аюлы төңірегіндегі Беғазы (А.бектерінің) тұрақтары олардың б.з.б. 10-7 ғ-ларда дамыған мәдениеті болғанын көрсетеді. (қ.Беғазы – Дәндібай мәдениеті) А.-дың қола, алғашқы темір замандарындағы археол.жәдігерлері Балқаш өңірінен, Атасу-Қаражал ауд-нан көптеп табылған. А. көршілері арыстармен бірге Жезқазған кенді ауданында да кәсіпшілік еткен. Археологтар Алматының шығыс жағындағы Шілік, Асы өз-нің бойынан бұл тайпаның ертедегі қоныстарын тапты. Саты а-ның жанындағы А. қоныстарының бірінен табылған қола жүзіктегі бедер тайпа құрамындағы бір ру көсемінің белгісі болғанын айғақтайды. Диам. 2 см жүзіктің бетінде бүк түсіп жатқан барыс бейнеленген. Бұйымның жасалған уақыты б.з.б. 6 – 5 ғ-лар деп танылды. А. тайпасы б.з.б. 5 – 4 ғ-ларда Үйсін мемлекетінің құрамына кірген. Тарихи деректер бойынша, б.з.б. 2 ғ-да Үйсіндердің А-лар мен арыстардан жасақталған жауынгерлері бактриялықтарды тас-талқан етіп жеңген. А-дың аты Жамбыл обл-ның шығысындағы Асы өз-дерінің атауы ретінде сақталған.