АСТИГМАТТЫҚ, астигм а т и з м (грек. а — сыз, сіз, емес қосымшасы және stigme— нүкте) — оптикалық жүйе аберраттануының бір түрі; 1) физикада — жарық шоғының әр түрлі қималарында сәулелердің сынуы (не шағылуы) біркелкі болмауы салдарынан оптикалық жүйенің кескінді бұзып көрсетуі. Сфералық толқындық бет оптикалық жүйелерден өткенде деформацияға (пішінсізденуге) ұшырайды. Соньщ нәтижесінде жүйенің бас оптикалық осінен едәуір алшақ жатқан нүктенің кескіні нүкте болмай, әр түрлі жазықтықта белгілі бір ара қашықтықпен орналасқан өзара перпендикуляр екі сызық түрінде болады. Осы жазықтықтар арасындағы қималарда нүкте кескіндерінің кейбіреуі эллипс тәріздес болса, енді біреуі дөңгелек пішіндес болып көрінеді. А. оптикалық жүйеге түсетін жарық шоғы қимасының әр түрлі жазықтыктарындағы оптикалык бет қисықтығының бірдей еместігінен болады. А. оптикалық жүйенің асимметриялы болуынан (цилиндрлік линзаларда) немесе сәуле шоқтары бас оптикалық оське үлкен бұрышпен көлбеу түсуінен (сфералық линзаларда) пайда болады. А-ты түзету үшін линзалардың біреуінің А-ы екіншісінікін теңгеретіндей етіп таңдалып алынады. Мұндай жүйелер анастигматтар деп аталады; 2) медицинада — көздің мүйіз қабығына, кейде қарашыққа сәуле жарығының бірдей таралмауынан көру сезімінің нашарлауы. А. кезінде әр түрлі рефракция не болмаса әр дәрежедегі бір рефракция көздің мүйіз қабығыңда бір-біріне қосарланып тұрады (мыс., алыстан көрмеушілік пен алыстан көргіштік) А-ның туа біткен және жүре пайда болған түрлері бар. Туабіткен А. өзгеріске аса көп ұшырамайды. Бірақ тұқым қуалауы мұмкін. Жүре пайда болған А. жарақаттан, көзге жасалған операция, қабыну, т.б. салдарынан болады. А. жағдайында бейнені нақты көру қиын. Көру қабілетін арттыру үшін көзде пайда болған дерттерді уақытыңда емдету қажет. А-ы бар адамдар затты анық көру үшін цилиндрлік линзалы көзілдірік немесе түйіспе линза қолдану керек.