АТЫРАУ ЕСКЕРТКІШТЕРІ — көне дәуірлерден сақталған археологиялық ескерткіштер. 1989 ж. Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі З.Самашев) зерттеген. Аймақтың солтүстігінен және оңтүстігінен мезолит (орта тас)
дәуірінің құралдары табылды. Тайсойған, Азғыр, Қанішкен, Исатай елді мекендерінен. Сағыз, Жем өзендерінің бойынан тастан, сүйектен, ағаштан, мүйізден, ұлутастан, саздан, қыштан жасалған бұйымдар көптеп табылды. Неолитзаманының бірнеше тұрақтары (б.з.б. 4 — 3-мыңжылдық) Сағыз өзенінің төменгі жағындағы Жем өзеніне жақын Аққұм деген жерден табылды. Бұл дәуір адамдары аңшылықпен, балық аулаумен және өсімдік терумен шұғылданғанын дәлелдейтін тас балта, қару-жарақ, ошақ орны, т.б. ашылды. Энеолит дәуірі ескерткіштері (б.з.б. 4-мыңжылдықтың аяғы — б.з.б. 2-мыңжылдықтың басы) үшбұрыш, төртбұрыш пішінді тарақ пен оюлармен өрнектелген құмыра сынықтары түрінде жиналды. Иманқара тауынан б.з.б. 5 — 4 ғасырлардағы ерте темір дәуіріне жататын қорғандар қазылық, олардан жерлеу рәсімін, мәдени, экономикалық және әскери істердің деңгейін білдіретін ескерткіштер табылды. Сарықамыс, Қаратон кенттерінің маңындағы және Азғыр құмшағылдарында қойылған Сармат мәдениетінің мүрделері зерттелді. Атырау ескерткіштері ішінде Алтын Орда кезеңінен қалған ескерткіштер де мол. Олар — Сарайшықтан Үстіртке дейін созылып жатқан 13-14 ғасырлардағы қалалар, керуен-сарайлар, қамал-бекіністер, құдықтар, жер суару жүйелері, зираттар. Солардың ішіндегі ең белгілілері — Сарайшық, Теңдік (Ақтөбе), Қайнар, Ұшқан қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде.